Сараптама нәтижесіне сүйенсек, 28 жауапты адам заңнаманың әртүрлі талаптарын бұзған. Атап айтқанда, шахтаның инженерлік-техникалық құрамы мен энергетикалық-механикалық қызмет тарапынан тиісті өндірістік бақылау болмаған. Қауіпсіздік техникасы мен техникалық реттеу нормалары бұзылған. Сондай-ақ, министр жұмыс аймағының тозаңдануы мен ауаның жану және тау-кен өнімдерімен газдануы жұмысшылардың өліміне әкелгенін айта келе, жұмыс беруші қайғылы жағдайға 100% кінәлі екенін мәлімдеді.
Шахтинск қаласының полициясы ҚР ҚК 277-бабының 2-бөлігі (тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Еске сала кетсек, 17 тамызда «АрселорМиттал Теміртау» көмір департаментіне қарасты «Қазақстан» шахтасында конвейер лентасы өртенген кезде жер астында барлығы 227 жұмысшы болған. Салдарынан шахтадан шыға алмай қалған бес кенші қаза тапты.