– Арай алдымен өзің жайлы білгіміз келеді?
– Қытайдың Алтай аймағында өмірге келдік. 1990 жылғымын. Әсілі, сексенінші жылдың аяғында туғам, бірақ тізімделіп болғанша, 90-шы жыл да тақап қалған ғой (күліп). Әкем Айдархан Қабдолла Қытайдағы атақты палуан. Үйде 4 баламыз. Кенжесімін. Бала кезде әкемнің ізін қуып, біраз уақыт күреспен айналыстым. 2004 жылы Астанадағы Қажымұқан атындағы спорт интернатында машықтандық. Бірақ, көлік оқиғасына ұшырағаннан кейін, күресті тастауға тура келді. Содан бері әнге деген ықыласым ауып, біржолата музыкаға кеттім. Бұл салаға кешігіңкіреп келген адаммын.
Ән айтқанды бала кезден ұнататынмын. Бірақ, мұны кәсіп қылам деп ойламағам. Алғашқы арманым, әрине, палуан болуы еді. Өйткені, әкемізге қарап өстік қой. Ал әкеміздің кезінде «есік ашылған» жоқ. Қытай – жабық мемлекет. Әкеміз елдің өз ішінде танымал болғанмен, сыртқы жарыстарға шыға алмады. Менен палуан шығару о кісінің де арманы болатын.
Әлгі оқиғадан кейін күрестен қол үздім. Қайғырып, біртүрлі көңілім құлазып жүрді. Арманымнан алыстап кеттім. Сондай көңілсіз күндерді музыка жазады ғой. Ән – емші. Өстіп жүргенде, аяқастынан музыкамен ауырып қалдым.
– Қытайдағы бірнеше музыкалық байқауда үздіктердің қатарынан көрініпсің. Сенің жетістігіңді атажұрттағы ағайын естіп-біліп отыр. Дегенмен, бұл қандай байқау, жалпы іріктеу қалай жүрді, конкурстарда қазақ әндерін орындадың ба? Осы туралы айта отырсаң.
– Алғашқысы American Idol (Америка шолпаны) атты АҚШ-тағы ірі жобаның Қытайдағы нұсқасы. Сhinese idol деп аталады. Осы байқауға қатыстық. Нәтижесінде 6 үздік әншінің қатарына кірдім.
Қытайда халық көп қой. Іріктеу алдымен жергілікті жерлерде жүрді. Ірі қалаларда өткен іріктеуге 10 мыңнан (!) астам адамнан қатысты. Конкурс ең соңында Шанхайда өтті. Алдымен Пекиндегі іріктеуден өттім (өзім осы қалада оқимын). Шанхайға барлығы 125 адамды таңдап алды. Кейін бұлардың арасынан 70 әншіні сүзіп алды. Бұдан 40, одан 20, одан кейін 12 әнші қалдық. Осы 12 әншінің ішіндегі алтауымыз ақтық сынға шықтық. Жарыс жарты жылға созылды.
Ақтық сында «Сонау алыс жайлауда» деп аталатын қазақтың әнін орындадым. Бұл әннің қытайша нұсқасы бар. Халық кәдімгідей жақсы көреді. Алтайдағы ел Ақсайға ауа көшкенде, осы көшті бастап шыққан батыр сүйген жарынан көз жазып, таба алмай қалады. Ақсайда, негізінен, дүнгендер қоныс тепкен. Қазір мұнда қазақ ауданы бар. Міне, солар шығарған ән.
Бұл ән бүкіл Қытайға танымал. Содан соң өзімнің «Дос» деген әнімді орындадым. Қазақша-қытайша аралас. Қайырмасы: «Ұмытпаспын айтқан сөзіңді, үмітке толы сол бір көзіңді». Осы екі шумағы қазақша айтылады. Бұл ән хитке айналды. Қазір тыңдармандарым, қытай болса да, тілі келмесе де осы екі ауыз қазақша сөзді жатқа біледі. Осы екі шумақ арқылы қазағымды әлемге таныттым деп ойлаймын. Жырақта жүргеннен кейін, орайы келсе, қазақ әнін қытай тыңдарманының санасына сіңдіруге тырысамын.
– Қытайдың негізгі арнасы «CCTV-3» ұйымдастырған телешоуда да топ жарыпсың...
– Бұл да әзір Еуропада танымал конкурс. Rising star деп аталады. Пекинде өтті. Оған да қатыстық.
Өз басым «Азия дауысын» көп көргенмін. Әсіресе, 90-шы жылдары байқау қатысушылары орындаған әндер тамаша болатын. Оның ішінде қазақтың атақты палуаны Қажымұқанның туған немересі, сазгер Бақытжан Қажымұқановтың «Таңғы жас» деп аталатын әнін таңдап алдым. Мелодиясы, мақамы да ескірмеген тамаша туынды. Бірақ, қазір ұмыт қалды.
Осы әнді орындадым. Қытайлар бір ауыз сөзін түсінген жоқ. Бірақ, ерекше бағалады. Ал қазылар алқасы бұл әннің 20 жыл бұрын жазылған ән екеніне сенген жоқ. Байқаудан 5-ші орын алдым.
Қазақта сол кездің өзінде эстрада, былайша айтқанда, поп-мюзик болған. Мен мұнымен мақтанамын. «Азия даусының» архивін қайта ашу керек.
– Қытай тыңдарманының талабы, талғамы қандай өзі?
–Тыңдарманның әнді қабылдауының өзі белгілі бір елдің табиғатына, халқының болмыс-бітіміне, тұрмысына тікелей байланысты. Қытайда соңғы жылдары шоу-бизнес қатты дамыды. Сосын осы шоу-бизнеске баға беретін, түрлі байқауларда әділқазы болатын адамдардың да деңгейі өсті. Олар сенің көзіңе, көңіліне қарамайды. Әрқашан әділ бағасын береді.
– Алдағы жоба-жоспарларың жайында білгіміз келеді?
– Мақсатым – альбом шығару. Біраз әннің басы құралған сияқты. Жақсы ән жазсам, бірден қазақ тыңдарманымен бөлісемін. Өйткені, алдыңғы кезекте солар үшін жазамын. Иә, Қытайдағы біраз байқауға қатыстым. Бірақ, Қазақстаннан шақырту түссе, бүгін-ақ келуге әзірмін. Шетелде жүріп қазақтың атын танытуды өзіме міндет санаймын.
– Тыңдарман ретінде қай қазақ әншісінің шығармашылығы ұнайды?
– Батырхан Шүкеновтың әндерін ерекше жақсы көремін. Роза Рымбаеваның 30 жыл бұрын жазылған әндері әлі күнге дейін жүрегімді тербейді. Ілгеріде «Азия дауысын» жиі тамашаладым дедім ғой. Сол кезгі қазақ музыкасы дүниежүзімен деңгейлес еді. Мысалға, «Роксонаки» деген топ болды. Қазақша рок айтты. «Сөйлеп қал, сөйле тілім, арыс келді» деп әндететін. Осы топтың «Тіл» деп аталатын пластинкасы бар. Тапсаңыз, тыңдауға тұрарлық дүние. Қыдырәлі Болманов орындаған «Сүгірдің әні» де сақтаулы. Сол кезгі әнге деген талап, талғам жоғары еді. Идея, ой бар болатын. Бірақ, аспап, техника нашар болды.
Қытай әншілері, шоу-бизнес жұлдыздары табысын концерт арқылы табады. Тойдан табыс табу деген түсінік жоқ демеймін, бірақ жоғарғы дәрежедегі, танымал әншілер тойға бармайды. Маңайламайды да. Білсем, бізде керісінше. Кімнің аты танымал, әндері елдің аузында жүрсе, ендеше, оның бағасы да тоймен өлшенеді. Ең қымбат дегенім ғой. Оның үстіне Қытайда жан саны көп. Бізбен салыстыруға келмейді. Қазақ әншісі Алматыдағы алаңды толық толтыру үшін қазақ эстрадасының өзі бір тілді болуы керек. Тұнық қазақтар таза қазақша тыңдайды
– Ал қазір ше?
– Бізде шоу-бизнесі әлі қалыптасқан жоқ. Той бизнес бар. Тойда адамның көңілін көтеретін, арқасын терлетіп билететін әндер шырқалады. Негізінен, адамдарды шаршатпайтын әндер. Тойда, мейлі, ол жылауық ән болсын, өзіңнің жүрегіңнен шыққан, орыстар айтатындай «идеальный» әнді орындай алмайсың. Бұл дұрыс немесе бұрыс деп айта алмаймын. Әсілінде, той-бизнес шоу-бизнестің бір саласы ғана. Солай болуы керек еді.
Қытайда халық көп қой. Іріктеу алдымен жергілікті жерлерде жүрді. Ірі қалаларда өткен іріктеуге 10 мыңнан (!) астам адамнан қатысты. Конкурс ең соңында Шанхайда өтті. Алдымен Пекиндегі іріктеуден өттім (өзім осы қалада оқимын). Шанхайға барлығы 125 адамды таңдап алды. Кейін бұлардың арасынан 70 әншіні сүзіп алды. Бұдан 40, одан 20, одан кейін 12 әнші қалдық. Осы 12 әншінің ішіндегі алтауымыз ақтық сынға шықтық. Жарыс жарты жылға созылды.
– Қытай әншілері де тойдан тапқан табыспен күн көре ме?
– Қытай әншілері, шоу-бизнес жұлдыздары табысын концерт арқылы табады. Тойдан табыс табу деген түсінік жоқ демеймін, бірақ жоғарғы дәрежедегі, танымал әншілер тойға бармайды. Маңайламайды да. Білсем, бізде керісінше. Кімнің аты танымал, әндері елдің аузында жүрсе, ендеше, оның бағасы да тоймен өлшенеді. Ең қымбат дегенім ғой. Оның үстіне Қытайда жан саны көп. Бізбен салыстыруға келмейді. Қазақ әншісі Алматыдағы алаңды толық толтыру үшін қазақ эстрадасының өзі бір тілді болуы керек. Тұнық қазақтар таза қазақша тыңдайды. Бірақ, біз бір тілді мемлекет емеспіз ғой.
– Біз өзге тілдің бәрін білеміз...
– Өзге тілді білу өнер, негізі. Бірақ, өз тіліңді, діліңді, қаныңды ұмыту дегенді білдірмейді. Біз бөтен елде өстік, ержеттік. Тілді ұмытқан жоқпыз.
Қазақстанға алғаш 2004 жылы келдім. Өтірікші болмайын, бірақ, ол кезгі Астана 90 пайызға орысша сөйлейтін. Ол кезде баламыз. 14-15 жастамын. Қазақша сөйлесем, ел біртүрлі қарайды. Кейбіреулер, тіпті, ренжиді. Уақыт өте келе қазақша сөйлеуге ұялатын жағдайға жеттім. Дүкенге барғанда қарадай қысыламын. Алатын затымды айта алмай, ең аяғы нұсқап көрсетіп, «анау бір, мынау бір зат» деп әуреге түсетінмін. Орысша білмеймін, өйткені. Мүлдем білмеймін. Шынымды айтайын, сол кезде іштей қатты қапаландым. Өз жерімде жүріп мылқауға айналғаным қалай? Тәуелсіз ел дегендегі түрі осы ма? Ол кезде Алтайда қазақ ашқан дүкенге барып, қазақша сөйлеп тауар аламыз. Кейбір қытайдың өзі қазақша сөйлейді. Сөйлейді дегенім өз алдына, қазақшаға судай, мақал-мәтелдеп кетеді.
Содан 10 жыл өткесін Астанаға қайта оралдым. Қуанып қалдым. Қазақша сөйлейтіндер көбейіпті. Бір асханада отырдық. Көбі қазақша сөйлеп отыр. Арқам кеңіп қалды. Өзгеріс бар екен. Бұрынғыдан көп жақсы. Сосын орыстар да басылған сияқты. Қазақша сөйлейтіндерді кездестірдім. Бұл да болса жақсылық. Тіпті, жақсы болса екен... Қытайда солай. Қытайша сөйлемесең, қытайша ұқпасаң, жұмысқа алынбайсың, өмір сүре алмайсың. Бізде сондай күнге жетсек деп армандаймын.
– Рахмет!
Әңгімелескен, Думан БЫҚАЙ
https://youtu.be/-_Jl_7fjCps