Мұхтар Тінікеев: «Көшедегі жол сақшыларының барлығын алып тастайық»

Dalanews 08 қыр. 2016 07:08 868

Енді елімізде күндіз көлік шамын жақпауға рұқсат берілуі мүмкін. Депутаттар жолдағы есерлікті тыюы тиіс жаңа Жол ережесін өзгертуді ұсынды.  Бірін-бірі қатайтылайтын баптарды халық қалаулылары қайта қарау керек деп отыр, – деп хабарлайды КТК арнасының сайты.

Өйткені, одан шығып жатқан нәтиже шамалы. Мәжілісмендер, әсіресе айыппұлдардың көлемін азайту керек деген пікірде. Тек бұл бастаманы – заңды дайындайтын Ішкі істер министрлігі қолдаған жоқ.

Күндіз шам жағып жүру, рөлде ұялы телефонмен сөйлеспеу секілді даулы жол ережелері талай түсінбеушілік тудырып келеді. Мыңдаған жүргізушіні тиыннан тарықтырған ережелерден депутаттар да зардап шегіп жатқан сыңайлы. Олар кейбір айыппұлды жеңілдетіп, даулы ережелерді алып тастауды ұсынды.
– Айыппұл мөлшері жылда өсіп барады. Жұрттың жалақысы соған ілесіп үлгермеуеде. Сондықтан қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін және көлік нөмері кір болса салынатын айыппұлды жеңілдету керек. Күндіз шамды жағып жүру нормасын мүлдем алып тастаған жөн. Бұның жолдағы полицейлердің қалтасын қампайтқаннан басқа пайдасы жоқ, – дейді мәжіліс депутаты Мұхтар Тінікеев.

Мәжілісменнің пікірі Ішкі істер министрінің орынбасарына ұнаған жоқ. Тінікеевтың ұсынысына қарсы шыққан Рашид Жақыповқа, жол ережесі ақша жинау үшін емес, ең әуелі қауіпсіздік үшін жазылғанын ескертті.
– Әркім өз ойын айтуға құқылы. Бірақ, бізді жүргізушілерден ақша жинайды, жол сақшыларының барлығы парақор деп айтуға болмайды, – дейді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов.

Осылай деген Жақыпов, бұл ұсыныстарға қарсы шығуының себептерін де түсіндірді. Яғни, шамды жағып жүру қауіпсіздік үшін қажет. Ал көрінбейтін нөмір үшін де жазаны жеңілдетуге болмайтынын айтты. Өйткені, әдейі солай істеп, камераға түсуден қашатын жүргізушілер көп екен. Осы кезде Тінікеев тағы бір ұсыныс айтты.
– Олай болса, көшеден жол сақшыларының барлығын алып тастайық. Тек, фото-видео камералар қалсын. Өйткені олармен келісіп пара бере алмайсын. Оның үстіне қазір полицейлердің барлығы көшеге нан табуға шығады. Қылмыскерді ұстап жүрген біреуін көрмейсің, – Мәжіліс депутаты Тінікеев.

Бұдан кейін, жазаны жеңілдету ғана емес, керісінше қатайтуды ұсынған депутаттар да табылды. Әсіресе, Омархан Өксікбаев бұған дейін талай айтылып жүрген, көлікте темекі шекпеу мәселесін қозғаған. Бірақ, оның ұсынысы қоғам түгілі қасындағы әріптестерінен де қолдау тапқан жоқ.

Қалған ұсыныстарға қатысты шешім алдағы отырыстарда қабылданатын болады. Яғни, енді шамды жағып жүру ережесі алынып, өзге даулы нормаларға қатысты айыппұл мөлшері азаюы мүмкін. Бірақ, оған дейін жол ережесіне қатысты өзгертулерді қос палата депутаттары қолдап, елбасы бекітуі тиіс.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар