«Мұхтар Омарханұлы Әуезов және абайтану мәселелері

Нұр МАҒАЗБЕКОВ, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтыныңбаспасөз хатшысы 26 қыр. 2025 13:12

2025 жылдың 25 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы дәстүрлі «Әуезов оқулары» аясында «Мұхтар Омарханұлы Әуезов және абайтану мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырды. Бұл игілікті шара қазақ әдебиеттануы мен руханият тарихындағы ірі тұлға – Мұхтар Әуезовтің туғанына 128 жыл толуына арналды.

Конференцияға Қазақстаннан бөлек алыс және таяу шетелдердің жетекші ғалымдары, ғылыми қызметкерлері, университет оқытушылары мен жас ізденушілері қатысты. Ғылыми басқосудың басты мақсаты – Мұхтар Әуезовтің мол шығармашылық мұрасын жан-жақты зерделеп, абайтану ғылымының бүгінгі өзекті мәселелерін талдау, сонымен қатар ұлттық руханияттағы тарихи сабақтастық пен ғылыми дәстүрді дамыту болды.

Конференцияны М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты бас директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, филол.ғ.к. Альмира Қайыртайқызы Қалиева жүргізді.

Жиын жұмысы үш негізгі бағыт бойынша өрбіді:

  1. Мұхтар Әуезов мұрасындағы абайтану мәселелері;
  2. Әуезовтану тарихы;
  3. М.О. Әуезов мұражай-үйін музейлендіру мәселелері.

Конференция аясында белгілі ғалым, филол.ғ.д., профессор Гүлзия Жайлауқызы Пірәлінің «Абайтану: Мұхтар Әуезов және Қайым Мұхамедханов», «Л.М. Әуезова – ғалым, қайраткер, мұрағаттанушы» атты еңбектері және Абайдың 180 жылдығына орай жарық көрген Қайым Мұхамедхановтың «Алдымда ақын Абай – Темірқазық» атты өлеңдер жинағының тұсаукесері өтті. Бұл ғылыми және әдеби еңбектер ұлт руханиятының іргелі қазынасына қосылған маңызды үлес болып саналады.

Шараның алғашқы бөлімінде Халықаралық «Қонаев қорының» президенті Елдар Асқарұлы Қонаев, Қырғыз Республикасы Жазушылар одағының мүшесі, ақын, жазушы Манат Жұмадылқызы Бообекова, Қырғыз Республикасының Шолпан-Атадағы Мұхтар Әуезов мұражайының директоры Саламат Табишева құттықтау сөз сөйлеп, жиынның мән-маңызына тоқталды.

Конференцияның негізгі бөлімінде төмендегі тақырыптар бойынша баяндамалар жасалды:

  • Зифа-Алуа Мұратқызы Әуезова, шығыстанушы, Лейден университеті «Еуразия» зерттеу орталығының профессоры, ф.ғ.к. (Нидерланды, Амстердам) – «Нахда и становление казахского биографического романа»;
  • Қанипаш Қайсақызы Мәдібаева, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филол.ғ.д., профессор – «Мұхтар Әуезовтің “Абай ақындығының айналасы” зерттеуі»;
  • Гүлзия Жайлауқызы Пірәлі, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филол.ғ.д., профессор – «Абайтану: Мұхтар Әуезов және Қайым Мұхамедханов»;
  • Диар Асқарұлы Қонаев, «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы директоры, филол.ғ.к. – «Исследование материалов, собранных М.О. Ауэзовым о политических ссыльных друзьях Абая – прототипах образов в романе-эпопее “Путь Абая”»;

  • Светлана Викторовна Ананьева, М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Халықаралық байланыстар және әлем әдебиеті бөлімінің меңгерушісі филол.ғ.к., доцент – «Абай Кунанбаев в историко-культурной памяти Мухтара Ауэзова»;
  • Дина Мұхамедхан, «Қайым Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет» орталығының директоры, Білім берудің халықаралық дамуы саласындағы ғылым докторы – «Ұстаз бен шәкірт – Мұхтар мен Қайым: абайтану ғылымының негізін қалыптастырудағы тарихи жад пен рухани сабақтастық»;
  • Ертай Біләл, Абай атындағы ҚазҰПУ PhD докторанты, ҚР Ұлттық кітапханасы, Сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінің ғылыми қызметкері – «№375 қолжазба: М.Әуезовтің “Абай жолына” сын...»;
  • Ермек Ханкей, «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының аға ғылыми қызметкері, филол.ғ.к. – «Мұхтартанудың тарихы (1920–1930 жылдар)»;
  • Салтанат Амантайқызы Мұқатаева, «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы директорының орынбасары – «Мұхтар Әуезов мұрасын насихаттаудағы “Әуезов үйі” ғылыми-мәдени орталығының орны».

Шара барысында конференцияға қатысушылар М.О. Әуезовтің музей-үйіндегі экспозициялармен, сондай-ақ «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы ұйымдастырған кітап көрмесімен танысып, жазушының мол мұрасын танытатын құнды жәдігерлер мен сирек басылымдарды тамашалады.

Бұл конференция – қазақ әдебиеті мен ғылымы үшін аса маңызды рухани оқиға. Мұнда жасалған баяндамалар мен пікірталастар абайтанудың жаңа бағыттарын айқындап, Мұхтар Әуезовтің ғылыми және шығармашылық мұрасын қазіргі заман тұрғысынан зерделеуге кеңінен жол ашты. Жиын барысында әдебиет тарихындағы ұстаз бен шәкірт сабақтастығы, ұлттық рухани құндылықтардың сабақтастығы, сондай-ақ абайтану ғылымының даму перспективалары кеңінен талданды. Сонымен бірге ғылыми басқосу ұлттық әдебиеттану ғылымының әлемдік деңгейдегі өзектілігін дәлелдеп, жас зерттеушілер үшін тәжірибе алмасу алаңына айналды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар