Мұхамбет Көпеев: Қасым Жомарт Тоқаев шет тілдерді әдеби тұрғыда меңгерген

Мұхамбет Көпеев: Қасым Жомарт Тоқаев шет тілдерді әдеби тұрғыда меңгерген
видеодан кадр

Мемлекет қайраткері Мұхамбет Көпеев "Адырна" ұлттық порталына берген сұхбатында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың көптілділігі мен терең білімін жоғары бағалап, оның халықаралық деңгейдегі беделіне ерекше тоқталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мұхамбет Көпеевтің айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаевпен Сенатта бірге қызмет атқарған жылдары оның жан-жақты біліміне, есте сақтау қабілетіне және адамгершілік қасиеттеріне талай мәрте куә болған.

– Сенатта жүргенде екеуміз көп сөйлесетінбіз. Ол кісі төраға, мен орынбасар болдым. Шай ішіп, сырласатынбыз. Өмірінде мені қысқартып атамай, үнемі «Мұхамбет Жұманазарұлы» деп құрмет көрсететін. Архивтегі деректерді дәл алдында тұрғандай айтып береді. Белгілі жазушылар мен саясаткерлердің ондаған жыл бұрын айтқан сөздерін қазір оқып отырғандай жатқа келтіреді, – деді ол.

Сондай-ақ мемлекет қайраткері Президенттің бірнеше шет тілін әдеби деңгейде меңгергенін атап өтті. Оның сөзінше, бұл қасиет Қасым-Жомарт Тоқаевқа әлем көшбасшыларымен тікелей әрі еркін диалог орнатуға мүмкіндік береді.

– Ху Цзиньтао Қазақстанға келгенде Қасым-Жомарт Кемелұлы қытай тілінде таза сөйлеп, қонақтардың ризашылығына бөленді. Ағылшын, француз және қытай тілдерін әдеби, көркем деңгейде меңгерген. Бұл оның дипломатиялық қызметіндегі ерекше артықшылықтарының бірі, – деді Мұхамбет Көпеев.

Оның пікірінше, Мемлекет басшысының терең білімі мен бірнеше тілді еркін меңгеруі Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін нығайтуға ықпал етіп келеді.