«Мұсылманбыз» деп мақтанбайықшы

Dalanews 19 шіл. 2016 16:36 735

Осыдан 3 апта бұрын Ыстамбулдағы әуежайға лаңкестер шабуыл жасап, 50-дей бейкүнә адам қаза тапты. Әуежайдағы мыңдаған адам жан сауғалап, далаға қашып, таксиге отырып тезірек алысқа кеткісі келген екен. Сондай аянышты жағдайда көптеген таксишілер дүрліккен адамдарды қауіпсіз аумаққа апару үшін 1 000 долларға дейін ақы сұрапты....

Ал өткен аптада Францияның Ницца қаласында ұлты араб лаңкес жүк машинасымен он мыңдаған адам жиналған қарақұрым халықтың үстіне көлігін айдап, 2 шақырым бойы алдына ілінген жазықсыз адамдардың бәрін қырып, жүздеген адам жарақатаған еді.

Жанталасып, жанжаққа қашқан халықты, жарақат алғандарды ауруханаларға тасымалдаған таксишілер ешбір ақы алмапты. Таксишілер жұрттың бәрін тегін жеткізіпті...

Ал өткен жексенбі күні Ниццада оақиға болған жерге онмыңдаған халық жиналып, қаза болғандарды еске алды. Адамдар мерт болған жерлерге мыңдаған гүлдер қойылды. Ницца қаласындағы гүл сататын дүкендер бірігіп, барлық гүлді тегін таратқанын естідік.

Осыдан бірнеше жыл бұрын қарлы-боранда елімізде жол бойында қалған жолаушылар жақын маңдағы үйлерге жан сауғалап барғанда, әрбір тілім нан мен бір-екі шыны шайды, жылы үйде тұрғандары үшін шектен тыс көп ақша сұрағанын естіп едім.

Жалпы, біз "мұсылманбыз", "пәленбіз, түгенбіз" деп өз өзімізді мақтай бергенше, бір сәт бейтарап отырып ойланып, қазіргі жағдайымызға ой жүгіртіп, өз кемшіліктерімізді де көре білсек игі еді...

 

Мұртаза ЖҮНІСҰЛЫ

(жазба автордың Фейсбуктағы парақшасынан алынды)

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар