Мұрат Әбділда сот залынан қайта қамауға алынды

Сағыныш Сардарова 24 сәу. 2025 16:28 223

Мұрат Әбділда сот залынан қайта қамауға алынды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Түркістан соты танымал блогер әрі әнші Мұрат Әбділдаға қатысты жазаны қатаңдатты. Шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күші жойылып, қалған мерзімі екі жыл 11 күн нақты бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.

Түркістан қаласының ауданаралық сотында Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-бөлігімен 2022 жылы сотты болған блогерге қатысты ұсыным қаралды.

Ұсынымда Сауран аудандық полиция бөлімі Ә.-нің мерзімінен бұрын шартты түрде босатудың күшін жойып, жазаның қалған өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға ауыстыруды сұраған.

"Сотталған Ә. 2024 жылы соттың қаулысы негізінде мерзімінен бұрын босатылып, Түркістан облысының Полиция департаметінің Сауран аудандық полиция бөліміне профилактикалық есепке алынған. Профилиактикалық есепте тұрғанына қарамастан, Ә. 2024 жылы ортақ пайдалану орнын ластағаны үшін ӘҚБтК 434-2 бабының 1-бөлігімен әкімшілік жауаптылыққа тартылып, оған айыппұл салынған. Сонымен қатар, 2025 жылдың ақпан-наурыз айларында 5 рет тіркелуге келмегені және 4 рет түнгі уақытта тұрғылықты мекенжайында болмағаны анықталған", - деп жазылған хабарламада.

Түркістан облысы Полиция департаментінің Сауран аудандық полиция басқармасының ұсынымы қанағаттандырылып, Мұрат Әбділданы мерзімінен бұрын шартты түрде босатудың күші жойылып, жазаның қалған өтелмеген бөлігі, яғни 2 жыл 11 күні бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға ауыстырылды.

Мұрат Әбділда сот залынан қамауға алынды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар