Мұқағали Мақатаевтің өзін аяқтан шалушыларға айтқан жауабы

Dalanews 03 сәу. 2018 03:17 860

Бәрі маған жат, жексұрын, жиіркенішті! Кімнің дос, кімнің қас екенін ұғудан мен баяғыда-ақ қалғанмын.



Жоқ! Менің достарым жоқ. Мен тек айналамнан өзіме қарай жылжып келе жатқан сегіз аяқты сұмдықтарды ғана көрем. Қорғана аламын ба, білмеймін.

Мені бұдан тек қана бір керемет құтқара алады. Ал мен кереметке қатты сенемін. Кереметтер болуға тиіс!!!

Қазірше мені қарусыз қалдырғылары келеді. Дұшпандарым тоқтаусыз шабуылдауда. Олар мені құртып жіберуге де дайын.

Егер біреу қолына мылтық беріп, ат десе қайсысы болса да қолы қалтырамастан бүкіл адамзатты сүйген, ешкімге зияны тимеген мені сол заматта-ақ атып жіберуге әзір.

Менің белгісіз досым! Сен маған: өз семьяң, өз үйің, өз ошағың бар, тағы саған не жетпейді дерсің?! Жоқ, олай емес.

Менде отбасы, ата-ана, туыс жоқ... Онда неменеге өмір сүріп, отасыңның қамын жеп, пірі болуға тырысып өлең жазып, кітап шығарып жүрсің дерсің.

Жауап берейін – балаларым үшін, өз тамшы қаным үшін. Қалай болғанда да олар менің өмірімнің жалғасы ғой. Кейде олар да – менің сол кішкене жыртқыштарым да, маған өз тырнақтарын көрсетіп қояды. Кез келген уақытта менің жанымды ауыртуға, қатты жарақаттауға олар да даяр...

Олар мені солай қабылдайды, солай таниды.

Менің ішімде әлдене өлген, оны енді қайта тірілту мүмкін емес... Бәрібір соңғы сөзді айтам. Қалай болғанда да ақырғы әнімді айтып бітуге тиіспін ғой.

...Ойлаңдар, достар!

Өнерде «жарыс» болмайды!

Өресі жетпей,

Күндестік қылған оңбайды.

Өнерің жетіп,

Өсе алмай қалсаң, сол қайғы...

Күнде таласқан

Өнерің өнер болмайды!!!

 

Мұқағали Мақатаевтің күнделігінен үзінді

21 қыркүйек, 1974 жыл

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар