"Мұны бұлай қалдырмаймын". Қамалып, азапталған қырғыз музыканты әділет үшін күреспекші

Dalanews 14 ақп. 2022 15:17 766

Биыл қаңтар айында Алматыдағы полицияда азапталғанын мәлімдеген танымал қырғыз музыканды Викрам Рузахунов 14 ақпанда видеоүндеу жариялады. Әлеуметтік желілерде таралған видеода ол әділет үшін күресетінін айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

– Ұзақ ойландым. Музыка мен кәсіпке ештеңе болмағандай орала алмайтынымды түсіндім. ТМД елдеріндегі демократияны дамытуға, адам құқықтарына қатысты жағдайды жақсартуға үлес қосқым келеді, – деді ол.

Рузахуновқа қырғыз заңгерлері көмектеседі. Музыканттың әзірге нақты қай органға арызданатыны белгісіз.

10 ақпанда ол Қазақстандағы полиция күштері оны азаптағанын айтқан.

Рузахуновтың мәлімдеуінше, ол былтыр желтоқсанның аяғында Алматыға келіп, 7 қаңтарда еліне қайтып бара жатқан уақытта ұсталған. Оның құжаттарын, банк карталарын, ақшасын тартып алған.

Үш күн қамауда болған қырғыз музыканты 10 қаңтарда Қырғызстанға қайтарылды. Бет-аузы көгерген Рузахунов Бішкекке жеткен бетте ауруханаға түсті.

Қазақстандағы қаңтар оқиғасы кезінде екі қырғыз азаматы қаза тапқаны мәлім болды. Онға жуық қырғызстандық қамаудан босатылды. Мәліметтерге қарағанда, қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған бір қырғыз азаматы Тараз қаласында қамауда отыр.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар