"Мұнай бағасы құбылып тұрған шақта сыртқы нарықтарға шығу керек". Бектенов Үкімет отырысында нені сынады?

Сағыныш Сардарова 05 мам. 2025 12:45 1332

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында химия және мұнай-химия саласын дамыту мәселесі қаралды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бүгінгі таңда елімізде химия және мұнай-газ химиясы секторында 12 ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Өндірістер минералды тыңайтқыштар, бейорганикалық және органикалық химиялық заттармен қатар ауқымды өнім спектрін шығарады. Мысалы Атырау облысында жұмыс істеп тұрған полипропилен зауыты – Орталық Азия өңіріндегі осы бағыттағы ең ірі кәсіпорын және Қазақстан өңдеу өнеркәсібінің ең ауқымды жобасы. 2024 жылы жобаның II кезеңінің құрылысы басталды. Негізгі міндет – импорттық өнімдерді толық алмастырып, қосылған құны жоғары экспорттың өсуін қамтамасыз ету. Жобаның жалпы ел экономикасына тигізетін мультипликативті әсері зор.

Сонымен қатар, Жамбыл облысында натрий цианиді мен аммоний сульфаты өндірісін кеңейту көзделіп отыр. Бұдан бөлек бутадиен, карбамид, полиэтилентерефталат өндірісі бойынша перспективалы жобалар іске асырылып жатыр.

Үкімет отырысында премьер-министр өңдеу тереңдігін арттыру және жоғары технологиялық өнім түрлерін кеңейту қажеттігін атап өтті.

"Бұл жобалардың барлығы қосылған құн тізбегін құруға үлкен үлес қосады. Дегенмен шикізатты терең өңдеу бағытында саланың әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Күрделі өнім шығару көлемі әлі де төмен. Шикізат ресурстары мен мұнай бағасы құбылып тұрған қазіргі жағдайда өңдеу көлемін ұлғайтып, дайын өніммен сыртқы нарықтарға шығу керек. Бұл экономиканың қуатын арттырып, сапалы жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді", - деді Олжас Бектенов.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар