Мүмкіндігі шектеулі жандар өзіне қажетті заттарға портал арқылы тапсырыс бере алады

Dalanews 28 қаз. 2019 12:33 969

Аталған азаматтар 2020 жылы 1 қаңтарынан бастап оңалту-сауықтыру техникалық құралдарына (бұдан әрі – ОТҚ) және арнаулы әлеуметтік қызметтерге әлеуметтік қызметтер порталы арқылы өз бетінше тапсырыс бере алады.

 

Мүмкіндігі шектеулі азаматтар протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдармен, сондай-ақ кресло-арбалар секілді оңалту-сауықтыру құралдарымен қамтамасыз етілетін болады. Ал арнайы әлеуметтік қызмет қатарына жеке көмекшілер мен ымдау тілі мамандарының қызметі және санаторий-курорттық емдеу түрі кіреді.

Бүгінгі таңда оңалту-сауықтыру  құралдары мен жоғарыда аталған қызмет түрлері мемлекеттік сатып алуарқылы ұсынылуда. Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту және оның сапасын жақсарту, қолжетімді ету мақсатында 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап республика көлемінде әлеуметтік қызмет көрсету Порталы енгізіледі.

Өкінішке орай, елімізде мүгедектік берілгеннен бастап, оңалту қызметі мен техникалық құралдарға қол жеткізу мерзімі сегіз айға дейін созылуда. Бұл мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің ұзақтығымен байланысты. Әлеуметтік қызмет түрңн алушы азаматтардың айтуынша, бұл жүйе мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тиімсіз. Олар жыл өткен сайын қызмет көрсету сапасының нашарлауы мен медициналық бұйымдардың сапасыздығына шағымдануда.

Аталған порталды жүйеге енгізу арқылы мүмкіндігі шектеулі әлеуметтік қызмет түрін алушы азаматтарға өзіне қажетті ем-дом шаралары мен техникалық тауарды алуға мүмкіндік туады. Бұл өз кезегінде оңалту-сауықтыру қызметіне жұмсалатын шығын айқындығын дәлелдейді.

Нәтижесінде оңалту-сауықтыру техникалық құралдарына көрсетілетін  бизнес-үрдіс мерзімі мен арнайы әлеуметтік қызмет көрсету уақыты 8 айдан 1-2 аптаға дейін қысқарады.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтар сұранысына сәйкес, техникалық құрылғылар мен оңалту қызметінің белгіленген сомасы туралы механизм де қарастырылды. Яғни, порталда ұсынылатын қызмет пен тауар түрінің бағасына сай төлем жасау функциясы қолжетімді болмақ.

Бұдан бөлек, порталда арнайы сертификаты бар мамандар туралы деректер де көпшілік назарына ұсынылса, медициналық-әлеуметтік мекемелер туралы бірыңғай тізілімде медициналық нысандардың жабдықталуы мен науқас санына дейін көрсетіледі.

Порталды іске қосу сауықтыру-оңалту қызметі мен оны жүзеге асыру құралдарына бірдей қолжетімділікті, үйден шықпай-ақ «бір терезе» арқылы уақытында әлеуметтік көмек алудықамтамасыз етеді. Сондай-ақ портал қызмет көрсетуші мен әлеуметтік қызметкерлер, мамандар туралы есеп жүргізеді.

Бұл өз кезегінде әлеуетті қызмет көрсетушілердің бәсекелестігін арттырып, әлеуетті жеткізушілердің қалпына келтіру объектілері мен қызметтерді енгізуге қатысуының ашықтығын қамтамасыз етеді.

Белгілі болғандай, пилоттық режим порталы Ақтөбе қаласында сәтті іске асырылды. Оған бірнеше медициналық-әлеуметтік мекемелер қосылып үлгерген.

Еске сала кетейік, «Әлеуметтік қызметтер порталы» автоматты-ақпараттық жүйесін енгізу мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспарда қарастырылған.

400 мыңнан астам қолданушылар мен 200 мың жеткізушілерден құрайтын ресурсты Қазақстанның барлық қалаларының тұрғындары пайдалана алады деп жоспарлануда.

Бүгінгі таңда «Мобильді азаматтар базасы», «Әлеуметтік тіркелім», «Бірыңғай деректер қоймасы», «Қазпочта» АҚ, «Еңбек шарттарының бірыңғай жүйесі», «Жылжымалы мүліктер тізілімі» ақпараттық жүйелерін біріктіру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар