Мұғалім мәртебесі өсті ме? Білім саласындағы өзгерістер туралы сарапшы пікірі

Ақтоты Жапатова 12 нау. 2026 13:04

Соңғы жылдары елімізде білім беру саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Педагог мамандығының беделін арттыру, оқу бағдарламаларын жетілдіру, студенттердің білімге деген қызығушылығын күшейту – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Осы бағытта жоғары оқу орындары да түрлі жаңашыл әдістер мен технологияларды енгізіп жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Еліміздің тұңғыш жоғары оқу орны – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Бану Мұқатайқызы Нарбекованың айтуынша, соңғы жылдары педагог мамандығының қоғамдағы мәртебесі айтарлықтай көтерілген.

Оның сөзінше, 2019 жылы қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заң ұстаздардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және кәсіби дамуына мүмкіндік берді. Бұл заң педагогтардың құқықтарын қорғап, олардың қызметін нақты регламенттеуге жол ашты.

«Заң қабылданғаннан кейін педагогтардың әлеуметтік кепілдіктері күшейіп, жалақысы артты. Сонымен қатар мұғалімдердің өз қызметіне қатысы жоқ жұмыстарға тартылуына шектеу қойылды. Бұл ұстаздардың негізгі міндеті – білім беру мен тәрбиелеуге толық көңіл бөлуіне мүмкіндік берді», – дейді Бану Нарбекова.

Проректордың айтуынша, педагогтардың мәртебесінің артуы бұл мамандыққа келетін жастардың да көбейуіне әсер еткен. Қазіргі таңда педагогикалық бағытқа жоғары балл жинаған талапкерлер жиі түсіп жатыр.

«Соңғы жылдары педагог мамандығын таңдайтын “Алтын белгі” иелерінің саны айтарлықтай артты. Бұрын бұл көрсеткіш шамамен мыңға жуық болса, қазір үш мыңға жетті. Былтыр жаңа оқу жылында біздің университетке 791 “Алтын белгі” иесі оқуға түсті. Бұл – талапкерлердің педагог мамандығына деген қызығушылығының артқанын көрсетеді», – дейді ол.

Сонымен қатар педагогика мамандықтарына қойылатын талаптар да күшейген. Қазір бұл бағытқа түсудің шектік балы 75-ке дейін көтерілген. Мұның бәрі білім сапасын арттыруға бағытталған.

Университет студенттердің білімге деген ұмтылысын арттыру үшін заманауи технологияларды кеңінен қолдануға басымдық беріп отыр. Соның ішінде цифрландыру, жасанды интеллект, интерактивті оқыту әдістері кеңінен енгізілген.

«Бүгінде білім беру саласында жаңа технологиялардың рөлі артып келеді. Сондықтан болашақ педагогтарды даярлау барысында біз геймификация элементтерін, жасанды интеллект мүмкіндіктерін, интерактивті сабақтарды кеңінен пайдаланамыз. Университет аудиторияларының басым бөлігі интерактивті тақталармен жабдықталған», – дейді проректор.

Сондай-ақ университетте дуалды оқыту технологиясы да енгізілген. Бұл жүйе арқылы студенттер теориялық біліммен қатар мектептерде тәжірибеден өтеді.

Қазір төртінші курс студенттері жарты жыл бойы мектептерде жұмыс істеп, мұғалімдерге көмекші ретінде оқу процесіне тікелей қатысады. Университет өкілдері мектептермен тұрақты байланыста болып, студенттердің тәжірибелік сабақтарын бақылап отырады. Мектеп басшылары мен ұстаздар болашақ педагогтардың дайындық деңгейі жоғары екенін атап өтуде.

Бұдан бөлек, университетте жобалық оқыту әдісі де қолданылады. Бұл тәсіл бойынша студенттер топ болып бір тақырыпты таңдап, зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

«Жобалық жұмыс студенттердің командалық дағдыларын дамытады. Сонымен қатар олардың зерттеу қабілетін арттырып, көшбасшылық қасиеттерін қалыптастырады. Қазір дипломдық жұмыстар да жобалық форматта қорғалып жатыр», – дейді Бану Нарбекова.

Университетте студенттердің рухани-адамгершілік тәрбиесіне де ерекше мән беріледі. Абай атындағы оқу орны болғандықтан, оқу үдерісінде Абайдың рухани мұрасы кеңінен насихатталады.

Мысалы, студенттер «Абайтану» және ұлттық тәрбие құндылықтарына арналған пәндерді оқиды. Бұл болашақ педагогтардың бойына Абайдың «толық адам» идеясын сіңіруге бағытталған.

Сонымен қатар оқу орнында студенттердің шығармашылық қабілетін дамытуға арналған түрлі мәдени жобалар жүзеге асырылып келеді. Университетте студенттік театр, ансамбль және оркестр жұмыс істейді.

Білім алушылардың зерттеу дағдыларын дамытуға да ерекше көңіл бөлінеді. Бакалавриаттан бастап студенттер ғылыми зерттеулерге қатысып, өз жұмыстарын талдап, сараптамадан өткізуді үйренеді. Университетте студенттердің өзін-өзі басқару жүйесі де қалыптасқан. Мысалы, студенттік ректорат оқу орнының басшылығымен тікелей байланыста жұмыс істейді.

Сонымен қатар университет студенттерге қосымша кәсіби құзыреттер беруге бағытталған бағдарламаларды іске асырып келеді. Соның ішінде майнор және микроквалификация бағдарламалары арқылы білім алушылар бірнеше бағытта білім алып, жаңа дағдыларды меңгереді.

Мысалы, арнайы педагогика мамандығында оқитын студенттерге қосымша ретінде музыка немесе спорт бағыттары ұсынылады. Бұл ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс істеуде тиімді әдістерді қолдануға мүмкіндік береді.

Осылайша, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті заманауи талаптарға сай бәсекеге қабілетті педагог кадрларды даярлауға басымдық беріп отыр. Университетте енгізіліп жатқан жаңа әдістер мен технологиялар болашақ мұғалімдердің кәсіби деңгейін арттырып, білім беру саласының дамуына үлес қоспақ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove