Қаржы министрі Мәди Такиев Мәжіліс дәлізінде салық органдары азаматтардың мобильді аударымына жүргізген талдау нәтижесін айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның сөзінше, ведомство 10 банкпен бірлесіп, жеке тұлғалардың ақша аударымын зерттеген. Тексеріс қорытындысы бойынша үш ай ішінде 100-ден аса аударым алып, жалпы сомасы 1 млн 20 мың теңгеден асқан 115 мың адам анықталған. Дәл осындай операциялар салық органдарының назарын аударған.
Жалпы аударым көлемі 1 трлн теңгеден асқан. Соның ішінде шамамен 67 мың жеке тұлғаның есепшотына 670 млрд теңге түскені белгілі болған. Сондай-ақ, 7 800 шетел азаматының да осындай операцияларға қатысы бар екені анықталған.
Министрдің сөзінше, енді бұл азаматтардан түскен қаражат қайдан келгені және қандай мақсатқа пайдаланылғаны жөнінде түсініктеме сұралады.
Мәди Такиевтің айтуынша, мақсат - азаматтарды жазалау емес, аударымдардың мән-жайын анықтау.