Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар арнайы қатысқан жиынға 17 номинация бойынша үздіктер анықталды. Сол үздіктердің қатарынан жерлесіміз де табылды. Яғни, «Мадияр» шаруа қожалығының жетекшісі Әуелбаев Мадияр «Үздік жас ауылшаруашылығының маманы» номинациясын жеңіп алды. Елбасы Жолдауларында айтылған аграрлық секторда етті мал шаруашылығын дамыту үшін 2002 жылы іргесін көтерген шаруашылық ірі қара малының экспорттық әлеуетін көтеруді көздейді.
Істің көзін тауып, мемлекеттік бағдарлама арқылы беріліп жатқан несиенің де нәтижесін көруде. 2014 жылы ауылшаруашылығына қаржылай көмек беретін «Сыбаға» бағдарламасы бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-нан 48 млн. теңге несие алып, 242 бас сиыр сатып алған. Маңдай терімен өз несібесін тауып отрған жас кәсіпкер осындай мүмкіндік беріп отырған мемлекетке риза.
– Бүгінде 800 бас сиыр, 242 бас жылқы, 1000 қой бар шаруашылықта 35 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. 2015 жылы бордақылау алаңының құрылысын аяқтадық. Ата кәсібімізді дамыту жолында аянып қалмақ емеспіз. Мал басын көбейтіп, еңбектің жемісін еселей беру – біздің шаруашылықтың алға қойған мақсаты, – дейді М.Әуелбаев.