[caption id="attachment_21532" align="alignleft" width="189"] Топанби Мейірхан Мейрамбекұлы[/caption]
"Сіздегі үміттің шоғын кім үрлер?..." Үрлеген еді... Үрлейтін еді... Адамның үміт оты - бір ғана ықылас сөзден лаулауы мүмкін... Сол бір ғана сөзден сөнуі де мүмкін... Əзірбайжан халқында, «Іздесем-адассам, тапсам-жоғалтсам, аңсасам-жыласам, тұрам деп құласам"деп тізбектелетін халық əні бар. Ол халық əні -"Үміт шырақ" аталады.
Үміттеріме үкі таққан шақтар баладай қуандым. Тағдырдың жан сыздатар сызына қиналмадым. Шыдадым. Шыдауым тиіс деп білдім.
«Адымдар жасалар, Арымды қалқан қып...»
Алғашқы адым жолындағы мехнаттарды жеңе білу - өзім үшін керек болды. Өзім үшін... Мен хаттарды тек өзім үшін жаздым. Өзім үшін ғана. Ешкімге мұңымды айтып, бір жанның жүрегіне салмақ салғым келмеген. Ондай ой мүлдем санамда болмапты.
Адымдарды мен аяқпен емес, жүрекпен жасаймын.
Ол сəтті болып жатыр деп айта алмаймын. Себебі, адымым əлі де шала.
"Қараңғыдан- жарыққа талпынамын сəт сайын"
Соқырлықтың қасіреті - əлемді көре алмау дейтіндер қателеседі. Мен ешқашан ол үшін қайғы шекпеппін. Мен қайғы шегемін - менің көзім бола отырып, менің сыртымнан іс қылғанында.
Бүгінгі дерттенуімнің себебінің төркіні де осында. Неге?! Мен - мазасыз пенде емеспін. Мен - жұмыстағы адамдарды жөнсіз мазалағым да келмейді. Мені солай етіп көрсеткісі келеді. Аяушылық пен адамдық - бір-біріне қарсы ұғымдар. Мен адамдарға адамдығыммен жақындағым келеді. Аяушылықты өмір танытпағанында, адам танытады деп ойламаймын. Мен Ашык Вейселдей өмір сүргім келеді!!! Ашығын айтқанда, сол адамның барлығына тəубə етіп өмір сүргім келеді. Үнін естіп, алға бір миллиметр болса да жылжығым келеді. Менің асылдарым жүрегімде ғұмыр кешеді. Мен барлығынан кешірім сұраймын. Мен ешкімнен аяушылық күтпеймін. Тек - адамдық. Əзірбайжандық біраз ақындар кеше-бүгін жайымды сұрап жатыр. Разы болдым. Менің айтпағым, бір үн бар - санаңның төрінде тұратын, бір үн бар -жүрегің де жыр болып тұнатын. Күннің жылуына жылынғандай жылынатын. Жүрегің үн тазалығына бір сəт жуынатын. Ондай үн аз. Ондай үн егесін табу - қараңғы түнде инені іздеу. Мен өз тағдырымнан түсінгенім, үнді сүюдің өз қуанышы мен қайғысына төтеп бере білу керек екен. Жер шарында мен сияқтылар қаншама?...
Мен əзер тапқан едім... Мен үшін ол жанның үні - мен үшін мен білмеген, көрмеген ғалам-тын. Жанар алауы лаулап тұрған жандар бұл сөзімді ұға қоюы екі талай.
Ұқпайды да. Ұғуға күштері жетпейді. Ол үн-тылсым үн! Ол үн - тұнық үн! Бұл менің басымдағы жай ғана емес, Əзірбайжан елінде де өзі өмірінде көрмей, танымай, бір адам жайлы екі кітап жазған Зейнеб Расулқызын жақсы білемін.
Біз не үшін тырмысамыз? Біз - үн арқылы көргіміз келеді! Оңай емес. Ол үннің иесі - саған еш туыс болмауы мүмкін. Жүрегіңе бірақ ең жақын адам! Мен өз тағдырластарымның өмір жолын үнемі қарап отырамын. Алыс-жақындағы.
Ресейде Дина Гурцкая есімді əнші бар. Сол əншінің жетістігі адамдарға үннің бақыт екенін ұқтырды. Маған көрмей сыр айту, жақын деп санау - мендік жүректе ұзақ жүретін процесс.
Зейнеб ақын жай ғана мұнайшы жігіттің үнін кездейсоқ радиодан естіп қалғанынан өмір биігіне хəм өлең биігіне шықты.
Кейбір адам ойлауы мүмкін... Қиялилар деп. Өз қасынан неге жақын іздемейді деп. Əрине. Мен де дəл осылай болғанын қаламас едім. Білмейміз. Біз расымен білмейміз. Кімнің үні бізге жанымызға етене жақын боларын.
Біз таңдай алмаймыз. Мен мұнайшының үніндегі əуенді тыңдаған жоқпын. Бірақ... Екі том кітап болғанына қарағанда осал адам емес.
Мен түсінемін. Мен ұғынамын. Үн үшін - жылаудың ауырлығын. Қиналыстың ең ауыры - бағалаған адам бір сəтте жоқ болуы. Сенім мен сезім тайталасында жүрек жапа шегеді.
Əлем үшін - біздің мұңымыздан күрделі нəрсе көп. Адам үшін - мұңымыздың құны жоқ.
Сөзіміздің байыбына барар адам тағы жоқ. Неліктен? Сауалға санам шырмалды. Мен Зейнеб ақынды бақытты ақын деп білемін. Ал маған келсек, бəрі күрделі.
Менің де қоржыныма үңілсеңіз, екі жүз туынды жаздым. Бір адам хақында. Сексен сегіз аударма, екі əңгіме, 25 монолог, қалғаны - өлеңдер. Аз еңбек емес. Аз дүние емес. Қаншама ықылас, қаншама күш, қаншама толғаныс... Бұл жерде айтқым келгені, Зейнеб ақындай мен ол адамды көргім келетін. Туғандарымнан соң сол адамды көрсем дейтінмін. Жүрек сыздайды. Жанарымнан сұхбат басталғалы жас тынбады. Үзіліс жасауға мəжбүр еткенім де сондықтан.
"Адамдар мені толассыз айыптап, үміт гүлдерімді солдырды"
Сіз маған реніштісіз бе дейсіз? Кімге? Əрине, мен ренжи алмаймын. Менің ықыласым таза. Жүрегім таза. Менің ықылас атты көпірім бар, өртеуден адамдар қажымайтын. Менің асылдарым - менің қымбаттыларым!!!
Мендегі кінə - қасаң мұңымның ауырлығы болар... Мұңыммен өзім байқамай ауыртпалық артқан болармын. Туған топырағымда жалғыздық сезінемін деп ойламаппын.
Мені жиі айыптайды. Жиі жазғырады. Менің жазбаған дүнием үшін жек көреді. Мен азап шегемін. Адамдар сол менің сыртымнан жасалған істерге бола менен қол үзеді. Мен адамдарды жоғалтамын. Бүгінгі қоғамда мүгедектерден қашқақтау - бар нəрсе. Ауызбен біргеміз деу оңай. Алайда, іспен дəлелдеу қиындау. Менің атымнан талай дүние жасалынды. Сенгішпін. Жан əлемім нəзіктік дегенді ту еткен. Мен жасамаған дүниелер үшін талай рет жауап бердім. Сол дүниелер мені жəне шығармашылығымды күйретті. Маған адамдардан мың есе сақтануды да сол үйретті. Əрине, қасымдағы адамдардан. Бұл жерде, бір нəрсені айтайын. Яғни, менің тарапым болып саналатын жақтан, менің қатысуымсыз болған дүниелердің ауыртпалығын тартудамын.
"Үн болмаса, өлең жазу мүмкін бе?!"
Əн мен сөз мені жетектеп келеді. Мен солар арқылы өмір сүріп келемін.
Өлеңнің өзі үннен қанаттанады. Кейде өлеңмен жақын тауып, жан əлемімді сергітуге қорқамын. Жоғалтудан... Жанымды мұң азапқа қалдырудан... Мен осы кезге дейін үш адамды жоғалттым.
Бұдан кейінгі жайларға шыдай алам ба?! Менің сізге сұхбатқа келіскен себебім, бір нəрсені айту болды. Брайль əліппесімен өлең жазу - оңай нəрсе емес. Саусақтарды жұмысқа жегіп, жүрек сөзі мен сана қалауын жазу.
Жалпы, үнді жүрегіме сіңіру - бір күннің жұмысы емес.
Маған ренішті жандарға ағымнан ақтарылғым келді. Мен - үннен басқа адамнан ештеңе күтпеймін. Жылы сөздің де қажеті шамалы.
Мен жазып келемін. Өмірді үнмен. Өзім жақсы көретін үнмен. Бұл -бақыт!!! Жаратқанның сыйы деп білемін. Бəрінің реттелгенін күтемін. Түсіністік орнайды деп білемін. Кешірім сұраймын. Мен ешкімді жүрегімнен сызып, өшіруге үйренбеппін.
Жақсылармен өмір жарқын!!! Өмір - əуен. Өмір - жыр. Тағдырластарымның басынан осындай жағдайлар жиі өтеді. Менің де басымда болуы - заңды нəрсе. Адамдардан бір ғана өтініш, бізді де түсініңіздерші!!! Жай ғана түсініңіздер!!!
Сұхбаттасқан: Бегум Сафарқызы.
Аударған: Бота Жұмаділқызы.