ІІМ есірткі қылмысына қарсы күресті үздіксіз жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жыл басынан бері ел аумағында жедел іздестіру іс-шаралары жүргізілген. Нәтижесінде жыл басынан бері ірі есірткі зертханасы жойылған, 2 ұйымдасқан қылмыстық топ әшкере болған. Сондай-ақ, есірткі құралдарын өткізуге қатысты 81 дерек тоқтатылды.
"Қабылданған шаралар нәтижесінде заңсыз айналымнан 323 келі есірткі, оның ішінде 155 келі синтетикалық есірткі тәркіленді, бұл шамамен 465 мың бір реттік доза таралуына жол бермеді", - деді ІІМ өкілі.
- Елордада Венгрия азаматы ұсталған, одан салмағы 1,5 келі болатын каннабис және синтетикалық топтағы есірткінің түрлері тәркіленген.
- Шығыс Қазақстан облысында есірткі өткізу әрекеті тоқтатылған, жалпы салмағы 413 грамм a-PVP психотроп заты тәркіленген.
- Жамбыл облысында есірткі сатқаны үшін Талдықорған қаласының тұрғыны ұсталды, одан 44 келі марихуана тәркіленді.
- Алматы облысының тұрғыны салмағы 960 грамм синтетикалық есірткімен ұсталды.
- Батыс Қазақстан облысында психотроп заттарды өткізу әрекеті тоқтатылды, жалпы салмағы 300 грамм α-PVP синтетикалық есірткісі тәркіленді.
Барлық айыпталушы уақытша ұстау изоляторларына қамалған.
