Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Сот отырысында 11 қаңтар күні оқиға орнында болған куәгер Индира Беркінбаева жауап берді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның айтуынша, сол күні жұмыстан үйіне қайтып келе жатқанда екі үйдің арасынан айқайлаған дауысты естіген. Дауыс шыққан жаққа жақындағанда, көліктердің арасында жерде жатқан қызды және оқиға орнынан қашып бара жатқан жігітті көрген.
«Мен оған: "Не істеп жатырсың? Қазір полиция шақырамын!" деп айқайладым. Сол кезде ол қайта бұрылып келіп, қызға тағы 2-3 рет пышақ сұқты. Мен есеңгіреп қалдым, кейін үйге қарай жүгіріп кеттім. Меніңше, жолдан өтіп бара жатқан екі-үш жігіт полиция шақырған болуы мүмкін», – деді куәгер сотта.
Индира Беркінбаеваның сөзінше, жігіт қайта оралып соққы жасаған кезде Нұрай үйдің маңында шалқасынан қозғалыссыз жатқан. Ол ешқандай дыбыс шығармаған және көмек те сұрамаған. Адвокаттардың қараңғыда қаруды қалай көргені туралы сұрағына куәгер ұзын заттың сұлбасы анық байқалғанын айтты.
Сондай-ақ ол кейін қызы екеуі жедел жәрдем келген кезде қайтадан оқиға орнына барып, өзіне белгілі барлық мәліметті полиция қызметкерлеріне жеткізгенін айтты. Куәгер сотталушыны бұған дейін мүлде танымайтынын және қараңғы болғандықтан оның түрін анық көріп, есте сақтай алмағанын жеткізді.