Экс-министр, Ұлттық музейдің бұрынғы директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы жарыссөз кезінде сөз сөйледі. Ол кінәсіз екеніне сенімді, - деп хабарлайды Dalanews.kz nur.kz-ке сілтеп.
"Өмірде әркімнің өз кредосы бар. Менің кредом: ата-анама, ұстаздарыма, армандарымды жүзеге асыруға көмектескендерге, бала мен бақыт сыйлаған әйеліме алғыс айту. Сондай-ақ "Дипломат" қонақүйіне қатысты тағылған айыптардың күшінде екенін айтқан прокурорға алғыс айтқым келеді. "Дипломат" қонақүйі - қазіргі уақытта менің айналамда болып жатқан барлық оқиғаның негізгі факторы.
Белгілі заңгермен келісімге келгенімде, ол бірден Антикорға барып, "Дипломат" қонақүйінде бұл масқараны – рейдерлік әрекеттерді тоқтататынын айтты. "Мен одан істің сотқа дейін баруын сұрадым", - деді сотталушы.
Сотталушы оның "Дипломатқа" қатысы болуының басты себебі - халықаралық қонақүй бизнесі университетін ашу жоспары екенін мәлімдеді. Мұхамедиұлы қонақүйде алғашқы оқу орны – колледж ашқанын, сондай-ақ, Алматыда Нью-Йорк киноакадемиясының филиалын ашуды көздегенін айтты.
Ол келісімдерге қол қойылып, оқыту бағдарламалары дайындалғанына сендірді, бірақ "шайтан жолды қара мысықтай кесіп өткенін" айтты.
"Біраз уақыттан кейін бұл жоспарларымды жүзеге асыра алатыныма сенімдімін. Мақсат – арманның орындалуы. Сіз өз үкіміңізбен менен бірнеше жылдық еркіндігімді ала аласыз, бірақ менің арманымды ешкім тартып ала алмайды. Мақсатым – "Дипломат" қонақүйіне қатысты маған тағылған айыптардың бәрі ойдан шығарылған оқиға екенін дәлелдеу", - деді ол.
Сондай-ақ, экс-шенді іс бойынша "Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі", кино топтамасын цифрландыру және тағы басқа эпизодтарға қатысты дерек жоғын жеткізді. Ол жарыссөзде сот тергеуін қайта бастау туралы өтінішін жеткізді.
Мұхамедиұлы бұл іс бойынша жәбірленуші екі "кінәсіз адамды" түрмеге қамап, "серіктестерінің бизнесін тартып алғанын" айтты. Сотталушы жәбірленушінің басты ниеті қонақүйдің жұмыс істеуіне жол бермеу деп отыр.
Оның айтуынша, Мұхамедиұлының өзі және оның отбасы қонақүйдің қызметін жақсартуға 115 миллион теңге инвестициялаған, сондай-ақ, Түркиядан келген үш басқарушының ұшып-келу және Қазақстанда тұру ақысын төлеген. Сонымен қатар, Мұхамедиұлы "Антикордың" бұрынғы тергеушісі "қонақүйден бас тартуы үшін" оны "қорқытқанын" айтты.
Ол бұл іс "Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі" және кино топтамасын цифрландыру ісімен біріктірілгеніне ашуланып, Қазақстан тарихында "өзіне қарсы 8 экономикалық іс қозғалған тұлға" ретінде қалатынын мәлімдеді.