"Мен енді президент емеспін...". Назарбаев пен Путиннің кездесуінде не айтылды?

Dalanews 01 шіл. 2021 02:54 795

Мәскеуде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путиннің кездесуі өтті деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Жүздесудің қысқартылған видео нұсқасы Кремльдегі журналистер пулына қарасты Telegram-арнада жарияланды.

– Сіздің сапарыңызды ұзақ күттік. Бұдан біраз уақыт арнайылап шақырған едім, – деді Ресей президенті Елбасыға қарата.

– Жыл өткен сайын ширап, белсенділікті арттырып келесіз. Әуел баста Сочиде жүздесуді жоспарлаған едік. Алайда ол жақта біресе қырғыз, енді бірде тәжік, тағы бірде беларусь басшысы жүреді. Ойлана келе, кезекке тұрып қайтемін шештім.

Қазір қолым бос, еркін адаммын. Президенттік орынтақты босатып бергеніме үш жыл толды. Алайда сізбен жүздеспей, сөйлеспей тұра алмаймын....", – деп жауап қатты Назарбаев.
...

Кездесуде мемлекетаралық қарым-қатынастың бүгіні мен болашағы жайында сөз қозғалды.

"Қазақстан мен Ресейдің достық байланысы халықаралық қатынаста өзгелерге үлгі боларлықтай. Ресеймен әріптестікте әрдайым тұрақтылық сақтау қажет. Мен осы ұстанымды ұстанамын, – деді Тұңғыш президент.

Назарбаев Ресей президентіне індет тұсында Қазақстанға қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдіріп, ресейлік вакцинаны өндіріп жатқан Қарағандыдағы фармацевтикалық зауыттың жұмысына жеке тоқталды.

Бұдан бөлек ресейлік дәрігерлердің көмегімен ковидтен сауығып шыққанын тілге тиек етті.


"Олар 10 күні бойы жанымнан шықпай, жағдайымды бақылап, қажетті ем-дом жасады. Күні-түні төсегімді күзетті, көз ілген жоқ. Соның арқасында тездетіп аяқтан тұрып кеттім, мұндай дүние ұмытылмайды", – деді Елбасы.

Тараптардың экономикалық байланыстары өз арнасын тапқанын атап өткен Путин осы бағыттағы стратегиялық жобаларды көбейте түсу керектігін айтты.

"Пандемия кезінде тауар айналымы 4-5 пайыз төмендеп кеткеніне қарамастан, биылғы жылдың алғашқы ширегінде екі ел арасындағы алыс-беріс 20 пайызға артты. Бұл көңіл толарлық көрсеткіш, басқа да салалар бойынша қарқынды өсу бар, осы белсенділікті жоғалтпасымызға сенімдімін", – деді Ресей президенті.

 

https://youtu.be/kql5wE9AN2Q

Айта кетелік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Ресейдің Федералдық жиналысы Федерация кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенкомен кездесу өткізген.

"Кездесу барысында Қазақстан мен Ресей арасындағы көпжақты стратегиялық серіктестік пен одақтастықты нығайтудың, перспективалары талқыланды.

 

Сонымен қатар сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастыққа, еуразиялық интеграцияға және екі елдің коронавирус пандемиясына қарсы күрестегі бірлескен күш-жігеріне қатысты өзекті мәселелер сөз болды", делінген Ақорда хабарламасында.

Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің халықаралық аренадағы орнын нығайту ісіндегі Владимир Путиннің саяси бағытының маңызды рөлін атап өткен.


– Владимир Путиннің мықты әрі беделді басшылығымен Ресей Федерациясы халықаралық аренада өзін әлем елдері санасатын және онсыз бірде-бір маңызды халықаралық проблема шешілмейтін мемлекет ретінде танытты, – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар