Мемлекеттің ар-ожданы – Ата Заң

Dalanews 22 там. 2017 14:11 959

Кез келген зайырлы елдің даму бағыттарын белгілейтін басты құжаты – Ата заңы. Осыдан 22 жыл бұрын бүкіл халықтық референдумда кең байтақ Қазақстанның көп ұлтты халқы өзінің егемендік құқығын барша әлемге паш етіп, көптеген елдермен терезесі тең, іргетасы мықты демократиялық жолмен дамып келе жатқан мемлекет екендігін танытты. Сөйтіп, 1995 жылдың 30 тамызында Қазақстан Республикасының Ата заңы өмірге келді.

Тоғыз бөлім мен тоқсан сегіз баптан тұратын Ата заңның алғашқы бабы: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» – деп басталады. Бұл мемлекетімізде адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарының өте жоғары дәрежедегі құндылық ретінде бағаланатындығының айқын дәлелі.

Еліміздің Ата заңы халқымыздың дербес ел болуды армандаған, мүддесін заң тілінде айшықтаған, жер шарына, адамзат ғаламына «Қазақстан» деген мемлекет бар екенін паш еткен ерекше құжат. Ата заңымыздың өзгешелігі Қазақстан Республикасының тәуелсіз дамуының мемлекеттік тұғырын, басқару тәсілін, билік тармақтарын бекітіп, «байырғы қазақ жерінде мемлекет құрылғанын» жария етті. Конституция бізге, адамдық қадір-қасиетімізге қол сұғылмауына, тіліміз бен дініміздің дамуына, ар-ождан бостандығын қорғауға, адал еңбегімізбен тапқан мүлкіміз бен меншігімізді сақтауға кепілдік береді. Сондықтан құқықтық мемлекет, заңның жоғарғы мәртебелілігі, Конституцияның мызғымас беріктігі, ұлттық идеологияның негізі және түп қазығы екенін мойындауымыз керек.



Татулық пен бейбітшіліктің мекені болып табылатын кең байтақ елімізде жүздеген ұлттар тұрады. Бүгінде олар достық туын жоғары көтере біліп, Қазақстан мемлекетінің экономикасын өркендетуге орасан еңбек сіңіріп келеді. Мұндай жетістіктерге халық пен мемлекеттік билік бірлігінің және де Ата заңымыздың мызғымастығының бірден бір кепілі Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың салиқалы саясаты мен қажырлы еңбегінің, алғыр басшылығының арқасы деп айтсақ артық болмас.

Конституция қабылданғаннан бергі уақыттағы тарихи өлшемдер біз үшін бүкіл өткен жолымызды таразылап, ой елегінен өткізуге толық мүмкіндік беретін белгілі бір үлкен кезең болып табылады. Ол Парламенттің рөлін көтеруді, оның үкіметке ықпал жасау және бақылау жасау тетіктерін жетілдіруді қамтамасыз етті. Елімізде жергілікті өзін өзі басқару органдарының дамуына ойдағыдай жағдай туғызылды. Сайлау жүйесін реформалау, саяси партиялардың рөлін арттыруға бағытталған маңызды тарихи қадамдар жасалды. Қазіргі кездегі Қазақстан нағыз шын мәніндегі бірден бір президенттік-парламенттік республикаға айналып отыр. Бұл істегі Конституцияның алатын орны мен ел өміріндегі атқаратын рөлі уақыт өткен сайын тұғырлана түсіп, әлеуеті ұлан-ғайыр бола түсуде.

Еліміздің осы негізгі Заңы уақыт сынынан сүрінбей өтті. Оның негізгі қағидалары барлық халықаралық стандарттарға сай келіп, қоғам мен мемлекетті дамытудың осы кезеңдердегі ең жетілдірілген үрдістерімен үйлесім тапты. Мемлекеттің тәуелсіздігін нығайту және экономикалық реформаларды жүргізудің басты құралына айналған бұл Ата Заң адамдардың барлық азаматтық құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ете отырып, олардың өздерінің мемлекеттің сенімді қорғауында екенін терең сезінулеріне жағдай туғызды. Осы арқылы қазірде бүкіл қылмыстық-құқықтық саясатты ізгілендіру үрдісі де жүзеге асырылуда.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің өткен жылдардағы бір Жолдауында «… саяси жаңару процесі ең әуелі биліктің заң шығарушы тармағының саяси беделін күшейтуді талап етеді. Мұны қолданылып жүрген Конституцияның шеңберінде атқарған жөн және солай істеу қажет. Конституцияның әлеуеті әлі де толық пайдаланылып біткен жоқ» деген болатын.

Қазақстан Республикасының Конституциясы қазіргі кезеңде қазақ елінің бірден бір мызғымас бірлігінің символы және оның заңдық тұрғыдан алғандағы құқықтық қамтамасыз етуші құжаты болып отыр. «Бірлік бар жерде тірлік бар», демекші бұл дүниеде тату-тәтті тіршілікке, ынтымаққа жетер ештеңе де жоқ. Демократиялық құқықтық мемлекет құру жолындағы Конституцияның өміршең болатындығы ешқашан да күмән туғызбайды. Еліміздің заңдарын өмірге келтіруде зор еңбектер сіңірген көрнекті заңгер Сұлтан Сартаев былай деген болатын: «Тәуелсіздік алған елге бірлік керек. Заманымыздың қиыншылығына қарай ақылдан бұрын ашу жүрмесін. Ашу кернеп, жалаң тілді алға салмайық. Әр істеген ісімізде ой қорытындысы, парасаттылық болсын. Әлеуметтік, саяси, экономикалық бостандықты орнықтыру, жаңалыққа жол ашу үшін күпірлі сөзден аулақ болып, дүбірлі ортақ істің бабын баптап, халқымыздың қажыр-қайратын жасампаздық арнасына бағыттап, ел алдындағы парызымызды орындайық, қарызымызды қайтарайық», - деген болатын. Иә, осындай ұлы мақсаттарды орындау жолында жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелейтіндей неғұрлым ізгілікті жетістіктерді пайдалана отырып, Конституциямыздың әлеуетін арттыра берсек дейміз.

Олай болса, енді санаулы күндерден кейін яғни, 30 тамызда осынау Ата Заңымыздың абыройын асқақтатар мереке еліміздің барлық өңірінде жоғары деңгейде аталып өтілмек. Cондықтан, мереке қарсаңында бiз Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілердің арасында “өміріміздің тірегіне айналған басты құжат Конституциямыздың бүгiнгi мәртебесi қандай? Тәуелсiз елiмiздiң қарыштап дамуына қай заңның шарапаты көп тидi? Жалпы, Ата Заңымыздың мемлекетiмiздiң өсiп-өркендеуiне қосқан үлесi қаншалықты?» деген ақпараттық-насихаттық және танымдық мазмұндағы ақпараттық сабақ, жиын-шараларды жиі өткізбекшіміз.

Сондықтан да Конституция күні біз үшін қасиетті күн болу керек. Өйткені, Ата Заңымыз – Қазақстанның әлемдік өркениетке қарай қарыштай қадам басуының алғы-шарттарын жасап берген жасампаз құжат. Халықаралық қауымдастық мойындап, Қазақстандағы батыл жүргізіліп жатқан демократиялық реформалардың негізінде қол жеткізіп отырған жетістіктердің бәрінің қайнар көзі саналатын Қазақстан Республикасы Конституцияның да өз тарихы бар. Ол Елбасы атап өткендей, бірнеше қиын экономикалық, саяси және идеологиялық кезеңінен өтті. Елбасы жаңа Қазақстан мемлекетін орнату кезеңінде жирырма бес жылдық тарихымыздағы ұлы оқиғалардың қайнаған өзегінде жүріп, салиқалы да сындарлы шешімдер қабылдап, халқын кемелдікке жеткізуге ұмтылған қазіргі заманның ең көрнекті реформаторлары қатарына енді. Жиырма бес жылдық қысқа мерзім ішінде жаңа мемлекеттің туын тігіп, тұғырын биіктетті.

Генерал-майор Қайрат АҚТАНОВ,

Қазақстан Респубикасы Ұлттық ұланы

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы,

Алматы қаласы.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар