Мемлекеттік рәміздер – ұлттық бірегейліктің тірегі

Dalanews 08 мау. 2018 04:33 4238

Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстанның дербестігі мен тәуелсіздігін күллі әлемге жария етуші, әрі мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі, сонымен қатар халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер.



1992 жылдың 4 маусымы Қазақстанның рәміздері бекітілген күн болып тарихта қалды. 2007 жылғы 4 маусымда Қазақстанның Президенті Н.Ә. Назарбаевтың қол қойып бекіткен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңы мемлекеттік рәміздерімізді пайдалану тәртібін нақты белгілеп берді. Мемлекетіміздің Елтаңбасы қазақ тіліне аударғанда, ол «таңба», «белгі», тіпті «мұра» деген мағына береді. Бұл термин ежелгі түркі қағанаты (551-630 жылдар) кезінен қолданыла бастаған. Қазақстанның қазіргі таңдағы елтаңбасы үлкен еңбектің арқасында, екі сәулеткер Жандарбек Мәлібек пен Шота Уәлихановтың шығармашылық ізденістерінің нәтижесінде дүниеге келді.

Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет еліміздің маңызды конституциялық нормаларына сәйкес жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» былай делінген: «Елімізде тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары жеке тұлға ретінде Қазақстан Республикасының Туын, Елтаңбасын, Әнұранын міндетті түрде құрметтеуі керек. Осы Жарлыққа сәйкес азаматтардың оны құрметтеуі үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін әлемге әйгілеу және насихаттау шаралар жиынтығы негізінде тұрақты түрде жүзеге асырсын делінген.

Осыған орай, рәміздер күні қарсаңында Талдықорған қаласының тұрғындары  ҚР-ның Мемлекеттік Елтаңбасының авторы, «Құрмет» орденінің иегері Жандарбек Мәлібековпен кездесу өткізді. Шараға мәдениет қайраткерлері, еңбек ардагерлері мен  «Нұр Отан» партиясының өкілдері қатысты.

Алғашқы сөзді «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев алды.

«Ұлттық рәміздеріміз ұлттың бірегейлігі мен ұлылығын көрсетеді. Ту, Елтаңба және Әнұран сынды ұлттың айшықты таңбаларының қабылдануы – дүниежүзінде Қазақстан дейтін мемлекет бар екендігінің көрінісі. Мемлекеттік рәміздерді қастерлеу, қасиетін білу, оны жүрекке тоқу – отансүйгіштіктің белгісі. Еліміздің жастары, өскелең ұрпақ патриот болсын десек, олардың бойына жастайынан осындай ұғымды сіңіруіміз қажет», – деді.

Мемлекеттік рәміздер еліміздің көпшілік азаматтарын отансүйгіштікке тәрбиелеуде ерекше маңызға ие. Осы мақсатта қазіргі таңда еліміздің рәміздерінің мәні мен мағынасын және олардың қолданылуын, сондай-ақ мемлекеттің қалыптасуын түсіндіру жұмыстары қазақстандық отансүйгіштікті және азаматтық позицияны нығайту үрдісіндегі бірден-бір маңызды факторға айналуы керек.

– «Қазақтың өзіндік мәдениеті, салт-дәстүрі жоқ, көшпенділер» деген пікірді жоққа шығару мақсатында, намысқа тырысып, қазақтың бар болмысын осы Елтаңба арқылы дәлелдегім келді, – дейді Елтаңба авторы.

– Мемлекеттік рәміздер ұлттық бірегейліктің қалыптасу тірегі және әрбір мемлекеттің дамуының ажырамас бір бөлігі болып табылады. Елтаңба  толғаныстан туған дүние. Қазақтың бар болмысын осы Елтаңба арқылы дәлелдегім келді. 4 маусым Қазақстан мемлекетінің, халқының мейрамы. Тудың мәртебесі әрқашан биік болса екен, елдігіміз мәңгі болса екен деп тілеймін. Қазақстанда қалыптасып келе жатқан ұлттық тұтастық, біздің Әнұранымыз бен Елтаңбамызбен бірге жасаса алар асуы биік болмақ, – деген жылы лебізін білдірді Жандарбек Мәлібеков.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар