Қазақстанда бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсандық жиынтық бағалаудан (ТЖБ) кезең-кезеңімен бас тарту жоспарланып отыр. Бұл туралы 8 қыркүйекте Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оқу-ағарту министрлігі жиынтық бағалау жүйесін орта және жоғары сыныптарда да өзгертуді жоспарлап отыр. Алдағы уақытта жаңашылдық алдымен 5–9-сыныптарды қамтиды. Оны 2027–2028 оқу жылынан бастап біртіндеп енгізу көзделген.
Жұлдыз Сүлейменованың сөзінше, БЖБ мен ТЖБ-дан бас тартпас бұрын жаңа бағалау тәртібі әзірленіп, мектептер мен педагогтер әдістемелік тұрғыдан дайындалуы керек.
"Келесі кезекте 5–9-сыныптардағы бағалау жүйесіне өзгеріс енгізіледі. Қажетті әдістемелік дайындық аяқталған соң, келесі оқу жылынан бастап БЖБ мен ТЖБ-ны біртіндеп алып тастаймыз. Содан кейін 10–11-сыныптардағы бағалау тәсілдерін қарастырамыз", – деді министр.
Ал биылғы оқу жылынан бастап бастауыш сыныптарда БЖБ мен ТЖБ-ның бұрынғы үлгісі қолданылмайды. Енді мұғалімдер оқушылардың білімін диктант, мазмұндама, шығарма, бақылау жұмысы, жоба және практикалық тапсырмалар арқылы бағалайды.