Мектеп пәндерін біріктіру реформасы тоқтатылды

Самал Асқар 27 қаң. 2026 12:44

Қазақстанда бірқатар оқу пәнін біріктіруді көздеген реформа уақытша тоқтатылды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды Dala News.

Министрдің айтуынша, бұған дейін физика, химия және биологияны бір пәнге – «жаратылыстану ғылымдарына», ал алгебра мен геометрияны «математикаға», дүниежүзі тарихы мен құқық негіздерін «әлеуметтік ғылымдарға» біріктіру жоспарланған.

«Бұл реформа тоқтатылды. Себебі іргелі пәндер жеке-жеке оқытылуы тиіс деп есептейміз», – деді министр БАҚ өкілдеріне арналған брифингте.

Шешім екі негізгі себепке байланысты қабылданған. Біріншіден, пәндерді біріктіру мұғалімдерге түсетін жүктемені күрт арттырады. Екіншіден, балалардың білім сапасын сақтап қалу қажет.

«Бұл мәселені жан-жақты талдадық. Балаларымыз цифрлық заманда да іргелі ғылымдарды терең меңгеруі үшін реформаны тоқтату жөн деп шештік», – деп түйіндеді Жұлдыз Сүлейменова.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove