Қазақстанда мектеп оқулықтарын дайындау, сараптамадан өткізу және сапасын бақылау тәртібі жаңартылды. Бұл өзгерістер ҚР Жоғары аудиторлық палатасы жүргізген мемлекеттік аудиттің қорытындысынан кейін енгізілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Аудит орта білім беру жүйесін дамытуға және оның сапасын арттыруға бөлінген бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуын қамтыған.
Өткен жылдың ақпан айында жүргізілген тексеру нәтижесінде оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді (ОӘК) әзірлеу, сараптау және басып шығару үдерісінде бірқатар жүйелі мәселе анықталған.
Осыған байланысты ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қолданыстағы қағидаларға өзгерістер енгізу жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, оқулықтарды дайындау, сынақтан өткізу, мониторингтеу және басып шығару тәртібін қайта қарау міндеттелді.
Қандай негізгі өзгерістер енгізілді?
Жаңартылған ережелерде бірқатар түбегейлі жаңашылдық көзделген:
– уәкілетті органның жекелеген баспаларға алдын ала сұрау салмай-ақ тақырыптық жоспарды бекітуі;
– тақырыптық жоспарды міндетті түрде ашық жариялау талабы;
– авторлық ұжым құрамына кемінде үш білікті маманды енгізу нормасы (тиісті білімі мен тәжірибесі болуы шарт);
– оқулықтарға сараптамалық баға берудің нақты әрі өлшенетін критерийлерін бекіту;
– оқулықтарды жаңартудың бес жылдық мерзімін сақтау үшін сапаны мониторингтеу тәсілдерін қайта қарау.
Өзгерістер қашан бекітілді?
Аталған жаңалықтар ҚР Оқу-ағарту министрінің 24 қарашадағы бұйрығымен ресми түрде бекітілді.
Жаңартылған нормалар:
– тақырыптық жоспарды қалыптастыру тәртібін;
– авторлық ұжымға қойылатын талаптарды;
– сараптамалық бағалау өлшемшарттарын;
– оқулықтар мен ОӘК сапасын мониторингтеу рәсімдерін нақты регламенттейді.
Процестер автоматтандырылады
Енді тақырыптық жоспар автоматты түрде қалыптастырылады. Баспалар мен әзірлеушілер өтінімдерді Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының www.bmso.kz интернет-ресурсы арқылы береді.
Сондай-ақ оқулықтар мен электронды оқулықтарды дайындау тек құрамында арнайы оқыту курстарынан өткен ғалымдар, әдіскерлер және педагогтер бар авторлық ұжым арқылы жүзеге асатыны нақты бекітілді.
Тағы қандай өзгерістер болмақ?
Министрлікке қосымша міндеттер де жүктелді. Атап айтқанда:
– мектеп кітапхана қорларын есепке алу және бақылау;
– оқулықтар мен ОӘК-ні сараптамаға қабылдау процестерін толық автоматтандыру тапсырылды.
Нәтиже қандай болады?
Жоғары аудиторлық палата мәліметінше, қабылданған шаралар:
– оқулықтар мен оқу-әдістемелік материалдардың сапасын арттыруға;
– адами фактор мен субъективті шешімдер ықпалын азайтуға;
– қателік тәуекелдерін төмендетуге;
– оқу материалдарының уақытылы жаңартылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
