Медициналық сақтандыру – тиімділігі, артықшылығы

Dalanews 28 ақп. 2019 12:19 891

Қазіргі уақытта, көпшілікке белгілі, еліміздің денсаулық сақтау саласында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі кезең-кезеңмен енгізілуде. Міндетті медициналық сақтандыру пакеті халық үшін 2020 жылдан бастап қолжетімді болады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының осы бағытта алға қойған міндеттерінің бірі – емдеу мекемелеріндегі медициналық қызметтің қолжетімділігін, тұрғындарға уақытылы сапалы медициналық қызмет көрсетілуінқамтамасыз ету болса, екіншісі – халықты ақпараттандыру.

Медициналық сақтандыру жүйесі не үшін енгізіледі?

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Астана қаласы бойынша филиалы медициналық сақтандыру жүйесіне енгізілетін өзгерістер жайында Халыққа қызмет көрсету, еңбекпен қамту орталықтарында, жұмыс орындарында,  т.б.белгіленген уақыт аралығындатүсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сонда байқағанымыз, жұмыс берушілердің, жұмыскерлердің, бір сөзбен айтқанда тұрғын халықтың басым бөлігі «Медициналық сақтандыру жүйесі не үшін енгізіледі?», «Қаншалықты тиімді?», «Қазіргі медициналық қызмет жүйесінен қандай артықшылығы бар?», «Қандай өзгерістер болады?» деген сауалдарды жиі қояды. Сондықтан, осы және басқа да сауалдарға тағы бір назар аудартуды жөн көрдік.

«Жаңа тиімді денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыру қажеттілігі,  көрсетілетін медициналық көмектің тиімділігінің төмен екендігі бұрыннан айтылып келді.Сақтандыру медицинасы азаматтың тапқан табысына, ол үшін аударылған жарна көлеміне қарамастан медициналық көмектің барлық түрлерін алуына мүмкіндік береді. Оның ішінде жоспарлы стационарлық көмек те, дәрі-дәрмекпен қамту да, жоғары мамандандырылған медициналық қызмет түрлері мен оңалту да, диагностикалық-консультациялық көмек те, медбике күтімі мен паллиативтік көмек те бар», - дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.

Біріншіден, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы Қазақстан аумағында Сіз өзіңіз таңдаған кез келген емханадан медициналық көмек ала аласыз. Бұл жағдайда, емхананың шығындарын толығымен Қор өтейді;

Екіншіден, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру  пакеттері шеңберінде қарастырылған медициналық көмекке жұмсалатын қосымша төлемдердің барлық түрінен босатыласыз;

Үшіншіден, Сіз үшін медициналық ұйымдарда көрсетілген қызметтерге, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударылған жарналар туралы ай сайын ақпарат алуға мүмкіндігіңіз бар;

Төртіншіден,   сапасыз қызмет көрсетілген немесе міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға  қатысушы ретінде құқықтарыңыз бұзылған жағдайда Қор сақтандырылған азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғайды.

Бесіншіден, МӘМС жүйесін енгізу көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

 

Қандай артықшылығы бар?

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің артықшылығы –жарнаны әркім мүмкіндігіне қарай төлеп, қажетіне қарай медициналық қызмет көрсетілетіндігінде. Яғни, МӘМС аясында қызмет көрсететін медициналық ұйымнан қажеттілігіңізге қарай, сырқатыңызды қанша уақыт емдеу керек болса, сонша медициналық көмек алуға құқылысыз, бірақ  алатын медициналық көмек көлемі дәрігердің тағайындауына байланысты. МӘМС пакетіне кіретін қызметтер толық көрсетіледі және қосымша ақы төлеуді қажет етпейді.

Сапалы медициналық көмек көрсету, қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету, сондай-ақ, еліміздегі үздік клиникаларда тиімді емделу және қымбат бағалы операциялар жасату мүмкіндігі жұмыс істейтін әр азаматтың денсаулығын сақтауға, еңбекке жарамсыздық қағаздарының мерзімін қысқартуға және жұмыс берушілердің шығындарын азайтуға ықпал етеді.

 

Өзгерістерді білесіз бе?

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2018 жылғы 28 желтоқсандағы № 208-VІ Қазақстан Республикасының Заңы негізінде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына бірқатар өзгерістер енгізілді.

Жарна мөлшері туралы айтар болсақ, елордалық жұмыс берушілер 2019 жылы өз қаражаты есебінен жұмыскер үшін оның табысының 1,5% мөлшерінде, 2020 жылдан бастап 2% мөлшерінде (+жұмыскер қаражаты есебінен оның табысының  1% мөлшерінде) жарна аударады.

Жеке кәсіпкерлер өзі үшін 2020 жылдан бастап, тиісті қаржылық жылдағы ең төменгі жалақының 1,4 есе мөлшерінен 5% жарна төлейді.

Мемлекет есебінен 2020 жылдан бастап халықтың 13 санаты үшін жарна аударылады. Олар: балалар, зейнеткерлер, оның ішінде Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері, көп балалы аналар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, бала күтіміне байланысты демалыстағы аналар, мүгедектер және мүгедек балаларға күтім жасайтын адамдар, тіркелген жұмыссыздар, жұмыс істемейтін оралмандар, студенттер, интернат тәрбиеленушілері, тергеу изоляторларындағылар мен түрмеде жазасын өтеушілер.

Медициналық сақтандыру қорына келіп түскен қаржы, өз кезегінде Астана қаласындағы емдеу мекемелері көрсеткен медициналық қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады. Ал халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасы Қор бақылауында болады.

 

"Әлеуметтік медициналалық сақтандыру қоры" КЕАҚ

Астана қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар