Қазақстанда әуе таксиі мен жолаушылар дрондарын іске қосуға арналған заңнамалық база қалыптастырылуда. Мәжіліс қалалық әуе мобильдігін дамытуға бағытталған түзетулерді қабылдады. Жаңа құжат аэротакси, ұшқышсыз ұшу аппараттары және жаңа буындағы авиациялық техникаларды пайдалануды реттейді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жаңа нормалар қалаларда әуе көлігін іске қосудың ресми құқықтық негізін қалыптастырады. Заң жобасы тек ұшу процесін ғана емес, көлік жүйесін цифрландыру мен жолаушылардың жеке деректерін қорғау мәселелерін де қамтиды.
Заңнамаға қалалық авиацияға қатысты жаңа ұғымдар енгізіледі. Атап айтқанда, «вертипорт» термині пайда болады. Бұл – аэротакси мен ірі дрондардың тік ұшып-қонуына арналған арнайы алаңдар. Сонымен қатар қалалық әуе мобильдігі аймақтары белгіленіп, дәл осы аумақтарда жаңа әуе көліктерінің қозғалысына рұқсат беріледі.
Бұдан бөлек, ұшқышсыз ұшу қозғалысын басқару жүйесі құрылады. Ол диспетчерлік бақылау жүргізіп, әуе қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың айтуынша, мұндай шаралар жаңа буындағы авиацияны қауіпсіз дамыту және саланы мемлекеттік бақылауда ұстау үшін қажет.
Жоба аясында басты назар eVTOL аппараттарына аударылып отыр. Бұл – электр қуатымен жұмыс істейтін, тік ұшып-қона алатын әуе көлігі. Мамандар оны болашақтағы аэротаксилердің негізгі форматы ретінде қарастырады.
Қалалық әуе мобильдігін дамыту ережелері бір жылдан астам уақыт бойы халықаралық сарапшылардың қатысуымен әзірленген. Жұмысқа АҚШ пен Оңтүстік Кореядан келген кеңесшілер, авиация саласының өкілдері және ұшатын такси өндірушілері тартылған. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан аэротакси үшін толыққанды құқықтық база қалыптастырған алғашқы елдердің біріне айналып отыр.
Бұл бағыттағы нормалар Президент 2026 жылғы 8 мамырда қол қойған «Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңда да бекітілген. Құжатта инновациялық әуе көлігіне арналған арнайы әуе дәліздері мен аймақтарын құру қарастырылған.
Дегенмен аэротаксиларды жаппай пайдалану бірден басталмайды. Алдымен технология эксперименттік құқықтық режим аясында сынақтан өтеді. Алдын ала есеп бойынша, аэротаксимен ұшу құны бастапқы кезеңде бір шақырымға шамамен 1 доллар болады. Мысал ретінде Алматы әуежайынан қалаға дейінгі бағыт аталып отыр. Бұл маршрутты болашақта көлік кептелісіне қарағанда әлдеқайда жылдам еңсеруге мүмкіндік туады.
2026 жыл толықтай жолаушысыз тестілеу кезеңіне арналады. Сынақтар Алматы өңірінде — Алматы әуежайы, теміржол вокзалдары, Қонаев қаласы, Қапшағай су қоймасы мен тау курорттары арасында жүргізіледі. Мамандар дрондардың аптап ыстықта, аязда және қатты жел жағдайында қалай жұмыс істейтінін тексереді. Сондай-ақ жоғары вольтты желілер мен магниттік өрістердің әсері зерттеледі.
Егер сынақтар сәтті аяқталса, алғашқы жолаушылар рейстері 2027 жылы іске қосылуы мүмкін. Ал аэротаксиларды алғаш енгізетін қала ретінде Қонаев қарастырылып отыр.