Майқайыңда қаза тапқан төрт құтқарушының отбасы жұмыс берушіні сотқа беріп, 120 млн теңге өндіріп алды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Биыл 4 қаңтарда «Майқайың алтын» АҚ аумағындағы болжамды өрт орнына технологиялық жолмен келе жатқанда үш құтқарушы мен жүргізушісі бар автобус шұңқырға құлап кеткен болатын. Қаза тапқандар - «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС-нің қызметкерлері.
Осы факті бойынша құрамында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі, Павлодар облысының әкімдігі, мемлекеттік еңбек инспекторы, «Майқайың алтын» АҚ, «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС-нен құралған комиссия жазатайым оқиғаға тексеру жүргізіп, оның қорытындысы бойынша жұмыс берушінің кінәсі - 100 пайыз екені, ал құтқарушылар кінәлі емес екені анықталды.
Қайтыс болған құтқарушының анасы, қызы, ұлы және әпкесі қызметтік міндеттерін атқару кезінде оның қайтыс болуына байланысты моральдық зиянды өтеу туралы сотқа жүгінген.
Моральдық зиян олардың моральдық азап шегуінен, ұлынан, әкесінен, ағасынан айырылуының ауырлығынан, жерлеу кезінде онымен қоштасуға мүмкіндік болмауынан, жұмыс берушінің көңіл айтып, қолдау көрсетпеуінен болып отыр.
Сот болған жазатайым оқиғаға жұмыс берушінің 100 пайыз кінәсін негізге ала отырып, қайтыс болған құтқарушының туыстарының талаптарын толық көлемде қанағаттандырып, әрбір туысының пайдасына қойылған талап көлемінде 30 000 000 теңгеден, жалпы сомасы 120 миллион теңге моральдық зиянды өндірді.
Шешім заңды күшіне енген жоқ.