Шымкентте бұрынғы ерлі-зайыптылар той сыйлықтарын бөле алмағаны үшін даулы іс сотқа дейін жетті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Тойда берілген сыйлықтарды бұрынғы күйеуі қайтармай жүр деп, сотқа арызды әйел адам берген. Әйелдің айтуынша, сыйлықтардың жалпы құны 2 435 000 теңгені құраған. Айта кетсек, бұрынғы күйеуі бұл талаптарды мойындамаған.
Бұған дейін кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот талапты қанағаттандырған болатын. Сол кезде жауапкерден 2 435 000 теңге, өкілге төленетін 100 000 теңге шығын және 24 350 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
Алайда апелляция кезеңінде тараптар дауды жалғастырмауға шешім қабылдап, медиация тәртібімен келісімге келді.
“Талапкер өз талаптарынан бас тартты. Ал жауапкер оның қолында қалған мүлік үшін екі апта ішінде талапкерге 200 000 теңге төлеуге міндеттенді. Алқа медиация тәртібімен дауды реттеу туралы келісімді бекітіп, істі қарауды тоқтатты”, — деп хабарлады сот.
Келісім шарттарына сәйкес, талапкер барлық талаптарынан бас тартқан, ал жауапкер оның қолында қалған мүлік үшін екі аптаның ішінде 200 000 теңге төлеуге міндеттелді. Сонымен бірге әйелдің бұған дейін төлеген мемлекеттік бажы өзіне қайтарылды.
