1. Заңның мәтіні көлемді, сондай-ақ реттеу аясы да кеңейіп отыр. Бұрынғы 23 шілде 1999 жылы қабылданған «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң – 26 баптан тұрған болса, бұл заң жобасы – 69 бапты қамтып отыр. Әлі де талқылау барысында көлемі ұлғаймаса, азая қоймайтыны анық. Өйткені кейбір сұрақтардың басы ашылмаған немесе толық ашылмаған, мәселен кибербуллинг ұғымын тек балаларға ғана қатысты қолданып отыр. Меніңше балаларға қатысты қатаңдатылған тәртіпен бірге мұның жалпы ұғымын да ашу маңызды. Қәзіргі таңда интернеттегі буллингтен ересектерде зардап шегуде. Криминалдандыруды қажет ететін тұрақты әлеуметтік сипаты бар қоғамға қауіпті мінез-құлық.
2. Заң жобасындағы тілге қатысты норма орыс тілін мемлекеттік тілмен бір қатарға қойып қарастырмайды, оны Қазақстандағы түрлі ұлт өкілдерінің тілінен артық көрмейді. Сондай-ақ әркімнің ана тілін пайдалу құқығын кемсітпейді, керісінше мұны қамтамасыз етуге заңнама шеңберінде жағдай жасалады делінген. «6 сағаттық уақыт аралығы» түсінігін енгізу арқылы, бұдан былай мемлекеттік тілдегі теле- және радиобағдарламалар көрсетілімі аз мезгілге, мәселен түнгі уақытқа ығысып қалмайды. Бұл тұтастай алғанда тілдік саясаттағы батыл қадамдардың бірі деп айтуға тұратын құқықтық жаңалығы.
3. Журналистердің құқықтық мәртебесін көтерумен бірге, оларға қатысты жауаптылықта еселеп артып отыр. Мәселен, бұрынғы «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңға сәйкес журналистің міндеттері – 5-еу болса, жаңа заң жобасында – 9-ға жеткен. Баспасөз картасын беру арқылы журналистердің бірыңғай базасы жасақталады. Түрлі әлеуметтік-экономикалық құқықтарының қорғалуы жақсарады деген пайым бар. Айталық мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу, «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде тағлымдамадан өту секілді мүмкіндіктерге құқықтық негіз қалыптастырады. Сонымен бірге уәкілетті орган үшін бақылау мүмкіндігі де артады. Бұл жағдай сөз бостандығына кері әсер ететін цензуралық механизмге ұласып кетпеуі тиіс.
4. Ақпараттық егемендік – Республика азаматтарының қоғамдық-саяси дербестігін айқындайтын мемлекет кеңістігіндегі тәуелсіздік ретінде анықталған. Алайда бұл біржақты дефиниция. Әрбір азамат тек сырт елдің ғана емес, сонымен бірге өзі өмір сүріп отырған мемлекеттің де, оның қоғамдық-саяси дербестігіне манипуляция жасамауын болжауы тиіс. Қәзір Ресейде осындай қол сұғушылықтың жүйелі тәртіпке айналып кеткенін көріп отырмыз. Өрімдей жастар, саяси режимге уланған мемлекеттік насихаттың ықпалымен соғысқа аттанып, өмірлерін қиюда. Сондай-ақ ақпараттық егемендіктің біз ескермей отырған тағы бір қыры бар, ол – ақпаратты цифрлық емес, дәстүрлі форматта алуға деген құқығының сақталуы. Қәзір, мәселен петицияны беруді онлайн форматқа көшіру сөз болуда. Интернеттің барлық аумақта болмауы себепті ғана, мұны аралас форматта қалдыруға уақытша мәжбүр болып отыр. Меніңше, ақапарттық егемендік осындай цифрлық дәуірдің жетегіне кетудің де алдын алуға бағытталған антропологиялық иммунитет мәселесін көтеруі тиіс.
5. Баспасөз хатшысы институтының да мәртебесін осы Заң арқылы нақтылау қажет. Өйткені, тәжірибе көрсетіп отырғандай, көптеген баспасөз хатшылары бірінші кезекте мемлекеттік органның жария мүддесіне қызмет етуден бұрын, оның жетекшісінің иммиджін қалыптастырумен әлек. Бізде тек Президент қана өзі лауазымды тұлға әрі мемлекеттік орган. Соныдқтан Президенттің Баспасөз хатшысынан басқасы тек мемлекеттік органның қызметі туралы ақпарат беруі тиіс. Сондай-ақ баспасөз хатшысы институтын бір орталыққа бағынатын дербес құрылым ретінде қалыптастыратын уақыт келіп жеткен секілді.
6. Тұтастай алғанда Заң жобасы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге баса назар аударып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын ұтымды қорғауға құқықтық негіз қалап отыр.
Қазыбек Дауталиев, заң ғылымидарының кандидаты,
Алматы облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі