Ақмола облысында Астрахан аудандық мәслихаты төрағасының үйіне қарақшылық шабуыл жасаған үш рецидивистке қатысты үкім шықты, деп хабарлайды Dala News.
Айыпталушылар қатарында Тараз бен Шымкент қалаларының тұрғындары бар. Олар ірі көлемде тонау, тұрғын үйге заңсыз кіру және алдын ала сөз байласқан адамдар тобы ретінде көлікті айдап кету баптары бойынша кінәлі деп танылды.
Сот анықтағандай, 2025 жылдың шілдесінде үш ер адам әдейі Астраханка ауылына келген. Түнде беттерін маскамен жауып, құрамында хлоры бар газ баллонын алып, үйге басып кірген. Сол сәтте үйде төрт ересек адам мен үш жасар бала болған.
Қарақшылар ақша мен бағалы заттарды талап еткен. Қолма-қол қаржы мен зергерлік бұйымдарды иемденген соң, отбасы мүшелерін жертөлеге қамап, үй иесінің көлігімен оқиға орнынан қашып кеткен. Келтірілген материалдық шығын көлемі 4,2 млн теңгені құрады.
Сот екі айыпталушыға бұрын өтелмеген жазаларын ескере отырып, ең жоғары қауіпсіздік мекемесінде өтейтін 8 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үшінші қатысушы 5 жылға орташа қауіпсіздік мекемесіне жіберілді.
Сонымен қатар сот олардан бірлесіп материалдық шығынды және моральдық өтемақыны өндіріп алу туралы шешім шығарды. Екі жәбірленушінің әрқайсысына 2 млн теңгеден төлеу міндеттелді.
Жеке қаулылар арқылы сот Жамбыл және Түркістан облыстарының полиция департаменттеріне шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған тұлғаларға бақылауды күшейту қажеттігін көрсетті.
Үкімдер әзірге заңды күшіне енген жоқ.
