Құрылтай жанынан мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құрылып, ол өңірлер мен орталық мемлекеттік органдар арасындағы байланысты күшейтуге бағытталады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Құрылтай Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құру туралы қаулы қабылдады. Жаңа құрылымның негізгі мақсаты өңірлер мен орталық мемлекеттік органдар арасында тұрақты әрі тікелей байланыс орнату болып отыр.
Кеңес мәслихаттардың заңдарды әзірлеу процесіне тұрақты қатысуын қамтамасыз етіп, қабылданған заңдардың өңірлерде іс жүзінде қолданылуы бойынша кері байланыс жинайды.
Сонымен қатар кеңес өңірлердегі өзекті мәселелерді анықтап, оларды жүйелеп, тиісті шешімдер әзірлеуге ықпал етеді. Өңірлерде тиімді жүзеге асқан тәжірибелерді зерделеп, оларды басқа аймақтарға тарату да кеңестің міндеттерінің бірі болады.
Кеңес құрамына мәслихаттарда жұмыс істеу немесе олармен өзара іс-қимыл жасау тәжірибесі бар Құрылтайдың тұрақты комитеттерінің депутаттары, саяси партиялар мен мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ Астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттарының төрағалары кіреді.
Өңірлермен тұрақты байланысты қамтамасыз ету үшін Құрылтайдың төрт депутатынан тұратын хатшылық құрылады. Әр депутатқа бес өңірден бекітіледі.
Қажет болған жағдайда жекелеген мәселелерді талқылау үшін тақырыптық жұмыс топтары құрылуы мүмкін. Олардың құрамына Құрылтай және мәслихат депутаттарымен қатар сарапшылар, азаматтық қоғам, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері тартылады.
Осылайша, жаңа кеңес өңірлерден түсетін ұсыныстар мен мәселелерді Құрылтай деңгейінде жүйелі түрде қарауға және олардың негізінде тиісті шешімдер әзірлеуге арналған тұрақты алаң болмақ.