Мәскеудегі Әлихан Бөкейхан бейітіне ескерткіш тақта қойылады

Dalanews 28 шіл. 2016 02:36 943




Қазақтың, әсіресе алаш ардақтыларының мүрдесі әлемнің әр түкпірінде жатыр десек артық айтқанымыз емес. Солардың бірі, әрі бірегейі биыл туылғанына 150 жыл толған Әлихан Бөкейханның бейіті Мәскеудің Дон зираты аталатын боздақтар қабірінде жерленген. Осы зиратқа биыл күзде естелік тақтайша қойылмақшы – деп жазады BAQ.kz порталы. 



Бұл туралы Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығына арналған экспедицияға қатысушы, филология ғылымдарының докторы Айгүл Ысмақова Алматыда өткен Әлихан Бөкейхановтың мұрасын зерттеуге арналған дөңгелек үстел барысында мәлімдеді.

«Қазір зираттағы бауырластар қабірінде Әлихан Бөкейханов пен Нығмет Нұрмақовқа арналған ортақ тақтайша бар. Біз Дон зиратының басшылығымен сөйлесіп, келісімге қол жеткіздік. Биыл күзге қарай, Әлихан Бөкейхановқа арнап бөлек тақтайша орнатуды жоспарлап отырмыз. Ол қазақ және орыс тілінде жазылады. Өйткені, мәскеуліктер де Әлихан Бөкейхановтың кезінде Мемлекеттік думаның мүшесі болғанын білулері керек», - деді Айгүл Ысмақова.

Сонымен қатар, оның айтуынша, экспедицияға қатысушылар Әлихан Бөкейханның Мәскеуде Үлкен Кисловский көшесінде талай жыл тұрған үйге де естелік тақта орнатуға күш салады.

«Өкінішке қарай, Қарағандыда, Омбыда, Семейде Әлихан Бөкейхановтың аты берілген көше жоқ. Ол білім алған ғимараттарға бірде-бір естелік тақтайша қойылмаған. Өйткені, бұл ғимараттар тарихи құндылыққа ие», - деді ғалым

Естеріңізде болса бұған дейін Әлихан Бөкейханға арнап пошта маркасы шығарылып, Семейде ескерткіші қойылып, көше атауы берілетіні белгілі болған болатын.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар