Ресей федералды қауіпсіздік қызметі (ФСБ) Мәскеудегі синагогаға жоспарланған лаңкестік шабуылдың алдын алғанын мәлімдеді. Ведомство бұны "Орта Азия елдерінің бірінен келген" адам жасамақ болғанын жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Ресей Федерациясының федералды қауіпсіздік қызметі Мәскеудегі еврей діни мекемесінде азаматтардың жаппай жиналуы кезінде теракт жасауды жоспарлаған Орта Азия азаматының қылмыстық әрекетінің жолын кесті”, - делінген хабарламада.
Бұл жөнінде Ресейдің арнайы қызметіне сүйенген "Интерфакс" агенттігі мәлімдеді.
Оқиғаның қай күні болғаны және күдіктінің аты-жөні де белгісіз. ФСБ-ның айтуынша,күдікті тұрған орыннан тінту кезінде жарылғыш заттар табылған.
"Өз елінде қылмыс жасап, қамалған ол жазасын өтеген кезде терроризм бойынша сотталған адамдармен байланыс орнатып, солардың ықпалымен Ресей Федерациясында тыйым салынған халықаралық террористік ұйымның идеологиясын тарата бастаған" деп жазылған ведомство хабарламасында.
Айтуларынша, 2023 жылдың қарашасында колониядан шыққан соң ер адам Ресейге келген.
“Мәскеуде тұрып жатқан шетелдіктер лаңкестік әрекет жасауға дайындалған: ол астанадағы синагогалардың бірінде “қоршалған аумаққа барлау жүргізген”, сондай-ақ қолдан жасалған жарылғыш құрылғыны жасауға арналған бөлшектер сатып алған”, - деп хабарлады.
ФСБ бұған қоса, Донецкідегі әскери нысанда теракт ұйымдастырмақ болды деп күдікке ілінген Орта Азияның алты азаматы ұсталғанын хабарлады. Бұл жөнінде Astra телеграм-арнасы хабарлады.
Бұған дейін Ресей ФСБ-сы Калуга облысында Қазақстанның екі азаматы Сәбит Әшірәлиев пен Жәнібек Тасқұловты өлтіргені белгілі болған.
ФСБ-ның сөзінше, олар "Мәскеудегі синагогалардың біріне қарулы шабуыл жасауды жоспарлаған".
Еске салайық, жақында Крокус Сити Холлда болған лаңкестік шабуылды ескерсек, үлкен дүмпу Ресей мен Орта Азия мемлекеттерінің бір-біріне деген сеніміне селкеу түсіргенін байқауға болады. Мәселен, соған байланысты миллиондаған тәжік мигранты елден жаппай кетіп жатыр.
Терактіден кейінгі күні Шереметьевоға қонған Қырғызстан азаматтары әуежайда бір тәуліктен аса шыға алмаған. Бұған жауап ретінде Қырғызстанның Сыртқы істер министрлігі отандастарына Ресей еліне бармауға кеңес берген еді. Ал Ресейдегі тәжік диаспорасы тұрғындарын бұрынғыдан да абай болуға шақырды.
Сонымен бірге ресейліктер тәжіктердің қызметінен бас тартып қана қоймай, оларды ұрып-соғу жағдайлары да белең алған. Ресейлік Mediazona басылымының хабарлауынша, лаңкестік әрекеттен кейін екі күн ішінде құқық қорғаушыларға Орта Азиядан келген мигранттардан 2500-ден астам шағым түскен. Негізгі шағымдар: полицияның негізсіз тексерулері, заңсыз қамау, азаптау және депортациялау.
Сонымен қатар Новгород облысының билігі жаңа мигранттарға патент беруді доғарып, бұрын патент алғандарға таксилетіп табыс табуына, автобус жүргізуіне, сауда жасауына, алкоголь және темекі өнімдерін сатуына тыйым салған болатын. Тиісті жарлыққа аймақ губернаторы Андрей Никитин қол қойды. Осылайша, еңбек мигранттары үшін негізгі табыс көзі саналатын кәсіптерге жол жабылды.
Жарлыққа сәйкес, жұмыс берушілер жұмысшыларының аталған санаттарын биылғы 26 маусымға дейін жұмысынан босатуға міндеттелді. Бұл тыйымның күші Ресейде тұрақты тұруға рұқсаты барларға, Еуразиялық одаққа кіретін Қазақстан, Қырғызстан азаматтарына ғана таралмайды. Шетел азаматтарына тек қара жұмыс қалады.
Бүгінде Тәжікстанның ресми билігі алаңдауға негіз жоқ деп сендірсе де, сатылған билеттер санына қарағанда, Ресей тәжіктер үшін үрейлі мемлекетке айналғанын аңғаруға болады. Мұнда нәпақасын табуға баратын адамдар саны айтарлықтай азайған.