Ресейдегі маркетплейстер шабуылдан бүлінген тауар үшін өтемақы төлеуден бас тартты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ресейдің Wildberries және Ozon секілді маркетплейстері сатушылармен жасалатын келісімшарт талаптарын өзгертіп, әскери іс-қимылдар салдарынан бүлінген немесе жойылған тауар үшін өтемақы төлемейтін болды.
Жаңа талаптарға сәйкес әскери әрекеттер, соның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттарының соққысы салдарынан тауар жоғалса немесе бүлінсе, маркетплейстер жауапкершілік алмайды. Ozon бұл өзгерісті 1 шілдеден бастап, ал Wildberries 7 шілдеден бастап күшіне енгізген. Компаниялар бұл жөнінде серіктестеріне алдын ала хабарлаған.
Алайда бұл мәселе 18 шілдеде Украина қарулы күштерінің дрондары Тамбов облысы мен Мәскеу облысындағы Wildberries қоймаларына соққы жасағаннан кейін кеңінен талқылана бастады. Салдарынан адамдар қаза тауып, ондаған адам жарақат алған. Сонымен қатар, қойма аумағының шамамен 10-15 пайызы зақымданған болуы мүмкін.
Wildberries компаниясының иесі Татьяна Ким Telegram-дағы парақшасында компания жоғалған тауар үшін өтемақы төлеуге міндетті емес екенін, соған қарамастан сатушыларға төленетін өтемақы көлемі мен қаржылық қолдау шаралары қарастырылып жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қаза тапқандардың отбасына 2 миллион рубльден, ауыр жараланғандарға 1 миллион рубльден төленеді. Қалған мәлімет кейінірек жарияланады.
Бұған дейін украиналық дрон шабуылынан кейін Тамбов облысының Котовск қаласы мен Мәскеу облысындағы Электросталь қаласында орналасқан Wildberries қоймаларында өрт шыққан еді.
Электростальдағы логистикалық орталық - Wildberries-тің ең ірі қоймаларының бірі. Оның аумағы - 250 мың шаршы метр. Ал Котовскідегі қойманың көлемі - 108 мың шаршы метр.