Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетін басқарған Ислам Әбіш Кәрім Мәсімовтің сотталуына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
«Жалпы жүйе қатты өзгерген жоқ деп ойлаймын. Мәсімовтің айналасындағы адамдар тиісті органдарда отырған секілді. Мәсімов ұсталған кезде таңғалған жоқпын. Ол туралы алдын ала білетінмін. Өзінің отанын қарызға батырған адам. Премьер-министр болып отырады, «ойбай 2030 жылы жылы сусыз қаламыз» деп улатып-шулатып, үлкен қаржы бөліп, Қазақстанды белшесінен қарызға батырады. Мен сол кезде бұл экономикалық диверсия екенін айтқанмын. Өте үлкен сатқындық сол кезде басталған. Сондай болатынын (Мәсімов ұсталатынын) сезгенмін. Себебі Алла тағала бәрін көріп отыр», - дейді Ислам Әбіш «Білген дұрыс» YouTube арнасына берген сұхбатында.
Ислам Әбіш қазір Мәсімовтің түрмеде отырғанына күмәнданатындар барын айтады.
«Жағдайы жасалғанына (түрмеде) күмәнданбаймын. Біраз уақыттан кейін мерзімінен бұрын шығып кетуі мүмкін. Оған да күмәнданбаймын. Ақшамен немесе саяси жолмен», - дейді Ислам Әбіш.
Еске салайық, 2022 жылы 6 қаңтар күні Ұлттық қауіпсіздік комитеті Кәрім Мәсімовке мемлекетке сатқындық жасады деген айып тағып, ҚР Қылмыстық кодексінің 175-бабының 1-бөлігі бойынша тергеуге алған еді. Сонымен қатар, оның орынбасарлары да күдікке ілінген. Сот процесі «аса құпия» түрде өткізілді.
Былтыр 24 сәуірде Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке және оның орынбасарлары А.Садықұловқа, Д.Ерғожинге, М.Осиповке қатысты қылмыстық іс бойынша үкімін жария етті.
Астана қалалық сотының ресми мәліметіне сәйкес, Сот шешімі бойынша ҚР ҰҚК бұрынғы төрағасы Мәсімов 18 жылға сотталды. Ал оның орынбасарлары А.Садықұлов - 16 жылға, Д.Ерғожин тағылған айыптарға сәйкес - 15 жылға, М.Осипов болса билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану бабымен 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ олар өмір бойы лауазымды қызмет атқара алмайды. Оған қоса, барлығы генерал шендерінен және мемлекеттік наградаларынан айырылды.