Іздеу жарияланған Мәсімовтің экс-күйеубаласы Азамат Кәпенов Біріккен Араб Әмірліктерінде жасырынып жүруі мүмкін. Бұл туралы ақпарат «Выход к морю» телеграм арнасында пайда болды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Телеграмдағы мәлімет бойынша, бұл туралы ақпарат ресейлік «Магистраль» жүйесінде пайда болған. «Магистраль» - ел ішінде қоғамдық көлік жолаушыларының қозғалысын және олардың Ресей Федерациясының Мемлекеттік шекарасынан өтуін тіркеп отыратын жүйе. «Выход к морю» Кәпенов Мәскеуден Дубайға 2023 жылдың 22 шілдесінде ұшып кетіп, қайтадан оралмағанын жазады.
«Кәпенов Қазақстанның қылмыс әлемінде бұған дейін де көзге түскен. Соның бірі – Алматыдағы «Бейрут» мейрамханасында продюсер Елтінжал Тұрғаналиевпен төбелесі. Тағы бір оқиға бұрынғы әйелімен байланысты. Кәпенов оның бірінші әйелі 150 мың долларын ұрлағанын дәлелдемек болған. Ал 2014 жылы прокуратура Азамат Кәпенов басшылық еткен «Қазтеміртрансқа» тексеріс жүргізген болатын. Азамат тергеу кезінде Мәскеуде болып, артынша Кәрім Мәсімовтің қызы Тамиллаға үйленіп, Ресей азаматтығын алды. Бұл жерде, әрине, оның ықпалы күшті туысы да көмектескен болуы керек».
Телеграм арнадағы мәлімет бойынша, Мәскеуде Кәпенов элиталы жылжымайтын мүліктер мен қымбат автокөліктер сатып ала бастаған. Ол үшін Мәсімовтің экс-күйеубаласы 10 миллиард теңге жұмсаған. Сонымен қатар, Кәпенов елден кетерде құны 190 мың еуро Porsche Taycan Turbo S автокөлігін мініп жүрген.
«Азамат Кәпенов «Қазтеміртранстағы» ісін Кәрім Мәсімовтің арқасында жауып, Қазақстанға ешқандай қылмыстық қудалаудан қорықпай келген. Ал 2022 жылы қаңтар оқиғасынан кейін Мәсімов сотталған соң Кәпеновтің есімі БАҚ беттерінде жиі айтыла бастады. Себебі «Азия-Автоның» бұрынғы иесі Анатолий Балушкин Мәсімовтер әулеті мен Кәпенов зауытқа рейдерлік шабуыл жасады деп айыптады. Артынша Азамат Кәпеновтің үстінен тағы бірнеше арыз жазылған. Осылайша Азаматқа Ресейде жүрген кезінде-ақ «Алаяқтық» бабы бойынша іс қозғалды. Бірақ істің мән-жайы Қазақстанда да, Ресейде де айтылмайды. Қылмыстық іс Балушкиннің арызымен де байланысты болуы мүмкін».
Тағы бір болжам бойынша, Азаматқа қатысты іс «Открытые технологии» ресейлік компаниясындағы серіктестерімен де байланысты болуы мүмкін көрінеді.
«Кәпенов осы компаниямен тығыз серіктестік байланыста болған. Бұл компания Ресей Федерациясына қарсы жоғары технологиялық өнімдерді жеткізуге санкциялар енгізілгеннен кейін тез дами бастады және қорғаныс саласында жұмыс істейтін мемлекеттік мердігерлерден ақпараттық қауіпсіздік келісімшарттарын ала бастады. Қаңтар оқиғасынан кейін Азамат Кәпенов экс-қайын атасының командасымен де байланысын үзбеген. 2022 жылы сәуірде Кәпеновтің хатшысы Тимур Құлыбаевтың жақын серіктесі Мирболат Әбуовтің коронавирусқа қарсы тестін тіркеп, оны Radisson Collection Hotel қонақүйіне орналастырған. Ал Әбуовтің Мәсімовпен тек іскерлік бағытта ғана емес, «туыстық» байланысы бар. Мирболат Әбуов пен Мәсімовтің жеке қаржыгері Айгүл Нұриеваның ортақ балалары бар».
Еске салайық, күні кеше Мәсімовтің экс-күйеубаласына іздеу жарияланғаны белгілі болды.
Бұл туралы ақпарат Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында жарияланды. Іздестіруді жүргізетін орган: Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті.
46 жастағы Кәпенов 9 тамыздан бері іздеуде. Бұған дейін Азамат Кәпеновке Ресей іздеу жариялаған болатын.
Азамат Кәпенов - "Қазтеміртранс" АҚ операция және логистика жөніндегі бұрынғы вице-президенті. Ол ҰҚК экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтің қызы Тамилла Кәрімнің бұрынғы күйеуі.