Мәсімовтен тәркіленген бағалы заттар тағы да аукционға шығарылды

Қаракөз Амантай 30 қыр. 2025 15:59

ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің зәулім үйінен тәркіленген сән-салтанат бұйымдары қайтадан саудаға қойылды. Бұл туралы дерек Электронды сауда алаңында жарияланды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ақпаратқа сүйенсек, барлығы 11 лот сатылымға шығарылған. Олардың бастапқы жалпы бағасы 3,5 млн теңгені құрайды.

Саудаға қойылғандардың ішінде:

“Montegrappa Italia” жазуы бар қымбат қалам. Бағасы - 440 мың теңге;

Viskonti Firenze маркалы сувенир қалам – 402 мың теңге. Бұған дейін бұл қаламдарды тиісінше 628 және 575 мың теңгеге өткізу мүмкін болмаған еді.

Сонымен қатар 13 коллекциялық және естелік монета ұсынылды. Олардың бағасы 80 мыңнан 198 мың теңгеге дейін өзгереді.

Аукционға қойылған өзге де заттар:

ұлттық оюмен өрнектелген былғары белдік – 183 мың теңге;

қынабы бар қылыш – 930 мың теңге;

болаттан жасалған қынапты қанжар – 185 мың теңге;

сары металдан соғылған қылыш (қынабымен) – 837 мың теңге;

екі дана балта – 38 мың теңге.

Сауда 7 қазан күні сағат 12:00-де өтеді.

Қайтарылған активтерді басқару компаниясы аталған бұйымдардың нақты кімнен тәркіленгенін ашып айтпады. Дегенмен олардың барлығы Мәсімовке тиесілі зәулім үйден тәркіленген мүлік ретінде тіркелген.

Еске салайық, 16 қыркүйектк ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің Астанадағы зәулім үйінен тәркіленген бірнеше бұйым аукционда саудаланған еді. Сол кезде барлығы бес лот сатылды.

Ең қымбат лот - «Elizabeth II» сериясындағы, номиналы 200 доллар, кенгуру бейнеленген алтын монета. Лот үшін төрт қатысушы бәсекелесіп, бастапқы 3,2 млн теңгелік баға 4,3 млн теңгеге дейін өсті.

Ең арзан лот зергерлік бұйымдар жиынтығы болды. Ол бастапқы бағасы 22 мың теңгеден 42 мың теңгеге дейін көтеріліп сатылды. Бұл бұйымға екі сатып алушы таласты.

Сонымен қатар сатылғандар:

  • түрлі түсті эмаль және сүйек әшекейлерімен қапталған қылыш – 385 мың теңгеге;
  • екі кавказдық қанжар – 438 мың теңгеге;
  • сары металдан жасалған қынға салынған пышақ – 155 мың теңгеге.

Қайтарылған активтерді басқару компаниясы бұл заттардың нақты кімнен алынғанын ашып айтпады. Алайда олардың барлығы Кәрім Мәсімовке тиесілі зәулім үйден тәркіленген мүлік тізіміне кіреді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар