Мәсімовке ашық хат

Dalanews 23 ақп. 2015 07:17 887

Қазақстан Республикасы


премьер-министрі 
К.Қ. Мәсімовке Ашық хат


 

                                   Кәрім Қажымқанұлы!

2007-жылы сіз Үкімет басына Премьер-министр болып отырған күннен бастап, шеттен келетін Қазақ көшінің басына қара бұлт үйіріле бастады. 2002-2006 жылдар аралығында Атажұртқа 384 106 адам оралса (бұл - жалпы келгендердің 40.3 пайызын ұстайды), сіз Үкімет тізгінін ұстаған соң, күн санап бұл көрсеткіш төмендеп кетті. 2007-2011 жылдар аралығында оралғандардың саны 308 832-ге түсті. Ал соңғы төрт жылда қоныс аударғандар небары 80 617 адам... Соңын 2013-жылғы төрт жылсыз азаматтық берілмейтін, бір ұлтты екіге бөлетін фашистік заң қабылдатумен тындырдыңыз.
Үкімет басына С.Ахметов келген соң, Қазақ көшінің қан тамырына қан жүгірер, ежелгі арнасына түсер деп үміттенгеміз. Сіз Президент әкімшілігінде жымпиып отырып, оның да аяқ-қолын тырп еткізбей бұғауладыңыз да қойдыңыз.
Ақыры Серік Нығметұлы да 2012 жылы 28 наурызда сіз бекіткен №362 Қаулының ЕКІ АНЫҚТАМАҒА қатысты бөлігінің бір тал нүктесін де өзгертпестен, қайта қабылдауға мәжбүр болды. Сөйтіп, 2014 жылғы 19 ақпандағы С.Ахметовтың қолы қойылған №111 Қаулы әлі қолданыста жүр.
Айтпақшы, 2011 жылдың 22 шілдесінде Президент қол қойған,16 тамыздан бастап ресми қолданысқа енген №478 «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңында: «Сондай-ақ Қазақстан аумағынан кеткен адамдар мен олардың ұрпақтарынан, егер олар тарихи Отаны ретінде тұрақты тұру үшін Қазақстан Республикасына қайтып оралған болса», -деген батпандай мәтінді сзідің жол ортадан алып тастаған қаскүнемдігіңізді де біз жақсы білеміз!
Кейін Қазақстан халқы Ассамблеясының кезеті бір жиналысында Елбасыға жазушы Смағұл Елубай арқылы айтқызып, «түсіп қалған» мәтінді қайта қалпына келтірттік.
масимов 3Бірақ, қазақтың бағына Алланың өзі берген сұңғыла Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бұл келеңсіздікті өте тез байқады. Батыл шешім қабылдады. Сіздің шеттегі қазақтарды елге оралтпай, жат жұртта қалдырғыңыз, тоздырғыңыз келген голощёкиндік арам пиғылыңыздың жолын кесті. «Қандастарымызға жол ашуымыз керек. Қазақтың жері кең. Орналасамын деген жерін өзі таңдасын!» деп бұйырды. Арада алты айға жетпейтін уақыт ішінде сізге қайтадан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» №1026 тапсырма берді. Сіз оны қоржыныңызда тағы ұзақ сақтадыңыз. Ақыры, өткен жылдың 29 желтоқсанында Заң жобасы Мәжіліске келіп түсті. Биыл 13-ақпанда Төменгі палатада тұсауы кесіліп, қазір қаралу үстінде...
Сіз қанша жерден Ұлт Көшбасшысы Н. Назарбаевты туған халқына жеккөрінішті етіп көрсеткіңіз келгенімен, біз – шеттен келген және енді келмекші ағайындар Оның ұлы еңбегін ешқашан жоққа шығармаймыз. Қайта ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып дәріптейміз.
Сіз қанша жерден Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың ел алдында беделін түсіріп, сүріндіргіңіз келгенімен, Ол да сонау 1992-жылы 1 қаңтарда бізге – Алыстағы туыстарына жолдаған «Туған жердің түтіні де ыстық дейді халқымыз... Сондықтан атамекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық. Ата-баба аруағы алдарыңыздан жарылқасын!» деген АҚ ТІЛЕГІНЕН бір жаңылған емес. Сол үшін Нұрекеңе төбемізден жол береміз!
Патшаның аты – патша! Ол уәдесінен таймайды. Ол айтқан бұйрық – Заң!
№362, кейінгі №111 Қаулының кесірінен қандастарымыз азаматтық алуды қойып, тұрақты тіркеудің өзіне тұра алмай шулап жүр. Қайта көшіп кеткен ел қаншама?! Сіздің атыңызға жазылған хаттар мен өтініштерде есеп жоқ!
Сіз екінші рет Үкімет басына келгеннен бері өзіңізді журналистерден, жалпы қауымнан тасада ұстайтынды, көлеңкеде жүретінді шығардыңыз. Бұл қылығыңыздың да құпиясын білдік. Сізде елге қарайтын бет, бедел деген қасиетті ұғымдардың жұрнағы да қалмаған екен ғой. Қазаққа, өте-мөте шеттен келетін қандастарға, Елбасының Ұлы саясатына кедергі жасағаннан өзге шаруаңыз жоқ!
Міне, Нұрекең бұйрық берген Заң жобасы Мәжілісте қарала бастады.
Өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жартыр. №111 Қаулыдағы «Соттылығы» және «Шығу парағы» деген екі құжаттың Қытай заңына байланысты, ол жақтан келетін қандастарымызға берілмейтінін сіз біле тұрып, «Бұл екі құжат Қытай Халық Республикасынан келетін қандастарымыздан талап етілмейді» деген жалғыз сөйлемді Үкімет Қаулысына қосуға құлықсызсыз. Әлі қасарысып отырсыз! Қазақтың онсыз да жауы аздай, алыстан келетін ағайынды дұшпан көріп, соттылығын тексересіз. Аталмыш Қаулыны заңнамалық жақтан дайындап, «ШЕТЕЛДIКТЕР МЕН АЗАМАТТЫҒЫ ЖОҚ АДАМДАРДЫ ТIРКЕУ ЖӘНЕ ОЛАРҒА ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА ТҰРАҚТЫ ТҰРУҒА РҰҚСАТ БЕРУ СТАНДАРТЫН» жасайтын Ішкі Істер министірі Қ. Қасымов сіздің бұйрығыңызды күтіп, жалтақтап отыр...
Сондықтан, Кәрім Қажымқанұлы, Үкіметтің №111 Қаулысында бекітілген «СТАНДАРТТАҒЫ» «Соттылығы» және «Шығу парағы» деген екі құжатты Қытайдан келетін қандастарымыздан талап етпеуіңізді сұраймын.
Біле білсеңіз, біздің қазақ өте кешірімшіл халық! Иіліп алдына келсең, атасының да құнын кешеді. Сізге де солай!
Егер, алдағы жерде қандастарымыздың тұрақты тіркеу мен азаматтық алуына ЕКІ АНЫҚТАМА құжат тағы кедергі болса, және ескертейін, мына жасалып жатқан жаңа Заңыңыздың да құны көк тиын! Осыдан туындайтын барлық мәселе мен зардапқа тіке сіз өз басыңызбен жауап бересіз, Кәрім мырза!

[caption id="attachment_9476" align="alignleft" width="143"]Ауыт Ауыт Мұқибекұлы, ақын[/caption]

Ескерту: Ертең Қытайдың Үкімет сайтынан шетелге шығуға байланысты екі Заңынның көшірмесін алып, почта арқылы сізге жіберем. Уханда оқыған, қытай тілінің білгірісіз ғой, өз көзіңізбен оқып шығыңыз!


Ауыт Мұқибек
,


ақын.


(facebook-тегі парақшасынан алынды)


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар