Билік халық алдында мына сұрақтарға ашық әрі шынайы жауап беруге тиіс:
1. Қаңтар оқиғасында билікті күшпен тартып алу бойынша тұтқындалып, тергеуде отырған Мәсімовтың арғы жағында кімдер тұр? Тапсырыс беруші кім? Билік уақыт созып барып, мәселені Мәсімовпен ғана түйіндесе, бұл Заманбекке өз-өзіне үш рет оқ атқызғаннан да бетер өтірік болады.
2. 238 адам қаза тапқан қасіретті қаңтар оқиғасының тергеуі неліктен жабық өтуде? Тергеуде отырған Мәсімов пен оның сыбайластары негізгі тапсырыс берушіні жария етіп жібере ме деген сақтық па?
3. Халықты арандатты, қару қолданды делінген бандиттер кімдер? Нешеуі тұтқындалып, қаншауы оққа ұшты? Қашып кеткендер ше?
4. Абайсызда оққа ұшты делінген бейбіт азаматтардың отбасына құн төленді ме? Олардың отбасынан ресми түрде кешірім сұрала ма?
5. Алтыншы қаңтар күні "біз бейбіт халықпыз, біз қарапайым халықпыз, біз террорист емеспіз” деген жазуы бар үлкен плакатпен алаңда тұрған бейбіт халыққа ешбір ескерту жасалмастан, тілдесіп сөйлеспестен әскерилердің оқ атқандығы жайлы куәгерлердің сөздері, түсірілген бейне үзінділері бойынша тергеу жұмысы жүргізілді ме? Анық-қанығы айғақтармен расталды ма? Алаңда бірде-бір бейнебақылаудың болмауы мүмкін емес қой! Куәгерлердің айтқанындай әскерилердің бейбіт халыққа оқ атқандары рас болса, ол жерде жазсықсыз қанша адам мерт болды? Оқ атқан кімдер? Бұған кім жауапты?
6. Бүкіл елдің жарты байлығын 162 адам иемденіп отырғанын президенттің өзі ашық айтқан болатын. 162 адам, олар кімдер? 30 жыл бойы байлыққа әділетсіз жолмен иелік еткен олигархтар әлі күнге дейін неліктен жауапқа тартылмайды?
Осы секілді қаңтар көтерілісіне және отыз жылдық тонауға қатысты сұрақтарға ашық әрі шынайы жауап берілмейінше халық пен билік арасында ешқашан сенім орнамайды. Ал сенім жоқ жерде даму да, тұрақтылық та болмайды. Қанша уақыт өтсе де, билік осы сұрақтармен ылғи бетпе-бет келетін болады. Тарих алдында, ұрпақ алдында, ақыретте міндетті түрде сұрауы болады.
Әділетті Қазақстанның іргетасы қаңтар көтерілісінің әділ тергелуінде жатыр.
Қайрат ЖОЛДЫБАЙ, дінтанушы, қоғам қайраткері
Автордың желідегі парақшасынан
https://dalanews.kz/main-news/83652-qazirgi-zaman-reaktorlarynyng-qauips