Алматыда жаңа қонақүйлер ашылады

Алматыда жаңа қонақүйлер ашылады
"Алматы" телеарнасы

Алматыда жыл соңына дейін 8 жаңа қонақүй ашылмақ. Осылайша, мегаполистің туристерді қабылдау мүмкіндігі кеңейеді, деп хабарлайды dalanews.kz Almaty.tv-ға сілтеп.

Алматыға келетін саяхатшылар қатары артқан сайын сұраныс та ұлғайып келеді. Жыл басынан бері шаһарда 26 жаңа қонақүй ашылды. Қазір қалада туристерді қабылдайтын жалпы 448 нысан жұмыс істейді. Олар бір мезетте 26,5 мыңнан аса мейманды орналастыра алады. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы жылдары да жалғаспақ. Қазір шаһарда тағы 87 қонақүй жобасы әртүрлі кезеңде тұр.

"Туризмнің дамуы ең алдымен инфрақұрылымға байланысты. Сондықтан қаладағы қонақүй қорын кеңейтіп қана қоймай, оның сапасын да арттыруымыз қажет. Бұған Алматының әлеуеті жеткілікті. Сонымен қатар, әлемдік брендтерді тартуға басымдық берген жөн. Қызмет көрсету деңгейін көтеріп, Алматының халықаралық туристік бағыт ретіндегі бәсекеге қабілетін арттыру да маңызды", – деді Қазақстан қонақүйлері мен мейрамханалары қауымдастығының президенті Рашида Шәйкенова.

Мамандардың болжамынша, 2028 жылдың соңына қарай Алматыдағы қонақүй нөмірлерінің саны 1,4 есеге артады. Мұндай қарқын ең алдымен шаһарға саяхаттаушылар қатары көбеюімен байланысты.

Былтыр Алматыға 2,5 миллионға жуық турист келген. Оның 800 мыңға жуығы - шетел азаматтары. Сарапшылардың дерегінше, шетелдік туристердің Алматыдағы шығыны 40 пайызға артқан.