Мас күйінде көлік жүргізген Amanat-тың депутаты әлі күнге жазаға тартылған жоқ

Dalanews 21 қыр. 2023 06:55 919

Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты Сәния Мұратова «Lexus» автокөлігін ішімдік ішіп айдағаны белгілі болды деп хабарлайды Dalanews.kz Orda.kz-ге сілтеп.

Депутатқа қатысты іс сотқа түсті. Қалалық мәслихат хатшысы екі апта өтсе де заң бұзған әріптестеріне қатысты ешқандай шара қолданбай отыр.

Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты, «Аманат» партиясының мүшесі Сәния Мұратова полицияға ұсталды. Жол ережесін бұзған «Lexus» автокөлігін тоқтатқан полиция қызметкері жүргізушіден ішімдік иісі шығып тұрғанын байқайды. Сараптама қорытындысы 53 жастағы депутаттың ішімдік ішкенін растады. Оқиға екі апта бұрын 5 қыркүйек күні тіркелген. Депутатқа қатысты Әкімшілік Кодекстің екі бірдей бабымен хаттама толтырылған.

«С.Бәйішев көшесінде жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 53 жастағы әйелдің басқаруындағы «Lexus» автокөлігі тоқтатылды. Құжаттарын тексеру кезінде жүргізушіден алкогольдің иісі шығып тұрғаны байқалды. Жүргізілген сараптама нәтижесі  оның  мас екенін көрсетті.

Жүргізушіге ҚР ӘҚБтК-нің 596-бабының 3-бөлігі (Көлiк құралын жолдың жүру бөлiгiнде орналастыру, қарсы жүрiп өту немесе басып озу ережелерін бұзу) және ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігі (көлік құралын мас күйінде жүргізу) бойынша хаттама толтырылып, материал жиналды және заңды шешім қабылдау үшін әкімшілік сотқа жіберілетін болады»,- деп хабарлады облыстық ПД-нің баспасөз қызметі.

Әкімшілік Кодекстің аталмыш баптарына сүйенсек, көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және көлік құралын басқару құқығынан 7 жыл мерзімге айыру көзделген.


Бұл жағдайға қатысты қалалық мәслихат  ешқандай шара қабылдамаған болып шықты. «Естідім, полициядан ресми ақпарат алмадым. Этика бойынша комиссияда қарау үшін ресми құжат керек»,- деді қалалық мәслихат хатшысы Анар Даржанова.

Ал бұл уақытта сот кобинетінде Мұратова Сәния Бұлқайырқызына қатысты істің сотқа түскені анық көрсетілген.

Сәния Мұратова 2021 жылдан бастап Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты және «Life Style» – фитнес-центрінің директоры.  Ашық дерек көздерінде депутаттың екі баласы, бес немересі бары жазылған. Ол әртүрлі жылдары Ақтөбе қаласы әкімдігінен, «Nur Otan» партиясы атынан және Н.Ә.Назарбаев Алғыс хатын алған.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар