Мас күйде көлік тізгіндеп, есірткі қолданған: Қазақстанда тұратын Әзірбайжан азаматы елден шығарылмайтын болды

Мас күйде көлік тізгіндеп, есірткі қолданған: Қазақстанда тұратын Әзірбайжан азаматы елден шығарылмайтын болды
Фото: ЖИ

Кассациялық сот Қазақстанда тұруға ықтиярхаты бар Әзірбайжан азаматын елден шығару туралы шешімнің күшін жойды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Іс материалдарына сәйкес, аталған азамат бұған дейін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде мас күйінде көлік басқарғаны және дәрігердің тағайындауынсыз есірткі қолданғаны үшін де жауапқа тартылған. Осыған байланысты бірінші сатыдағы сот оны Қазақстан аумағынан шығару туралы шешім қабылдаған.

Алайда кассациялық сот шетел азаматын тек құқық бұзушылық жасағаны үшін автоматты түрде елден шығаруға болмайтынын атап өтті. Сот мұндай жағдайда құқық бұзушылықтың ауырлығын, кінә дәрежесін, адамның отбасылық жағдайын, елде қанша уақыттан бері тұрып жатқанын және басқа да маңызды мән-жайларды ескеру қажет екенін көрсетті.

Сот анықтағандай, ер адам Қазақстанда тұрақты тұрады, кәсіпкерлікпен айналысады, салық төлейді әрі сауда-өнеркәсіп кешенінің құрылысын жүзеге асырып жатыр. Сонымен қатар оның мемлекет алдындағы 2030 жылға дейін өтеуі тиіс 14 млн теңге көлеміндегі міндеттемесі бар.

Осы жайттарды ескерген кассациялық сот азаматты елден шығару шарасын шамадан тыс деп танып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшін жойды. Нәтижесінде Әзербайжан азаматына Қазақстанда қалуға рұқсат берілді.