ШҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ардақ Мәдиев Қытайдан келетін туристер санын арттыруға бағытталған ауқымды жоба туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz Bizdin oskemen-ге сілтеме жасап.
Ардақ Мәдиевтың айтуынша, бүгінде Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Қанас көліне жыл сайын шамамен 10 миллионға жуық турист келеді. Бұл жерлердің бедері мен табиғаты Марқакөл көлімен бірдей. Марқакөл көлінің туристік әлеуеті зор болғанымен өкінішке орай, көлде әлі қажетті инфрақұрылым жоқ. Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданындағы Қанас және Марқакөлді бір туристік бағытпен байланыстыру Марқакөлге саяхатшыларды тартуға жаңа серпін береді.
– Әрине, Зайсандағы әуежай салынғаннан кейін қытайлық туристер ағыны айтарлықтай артады. Марқакөл ауданы жаңадан құрылған аймақ және туризмді дамыту мультипликативтік нәтиже береді. Біз Экология министрлігі мен Орман шаруашылығы комитетінің өкілдерімен бірлесіп жұмыс тобын құрдық, сырттай отырыс ұйымдастырып, туристерді қабылдауға арналған инфрақұрылымдар: қонақ үйлер, кемпингтер (жазғы лагерь) және т.б. орналасатын жерлерді анықтадық, - деді Ардақ Мәдиев.