Жобаны жүзеге асыру мақсатында тартылған инвестицияның жалпы құны 300 млн. теңгені құрайды. Кәсіпорын грециялық «Soldatos» ЖШС-гі мен «Түркістан» ӘКК» АҚ-ның филиалы — «TURKISTAN INVEST» инвестициялық компаниясының бірлесіп атқарған жұмыстары нәтижесінде іске қосылды.
Зауыт Мақтаарал ауданындағы индустриалдық аймақтың 3 гектар жер аумағында салынған. Өнім Қазақстан бойынша сатылатын болады. Жобаның жоспарланған жылдық қуаттылығы — 20 мың тонна. Өндіріс басында 30 адам тұрақты түрде жұмыс істейді.
Бұдан бұрын асфальт-бетон өндіру жобасының инвесторы грециялық NIOVI S.A компаниясы құрылтайшысы болып келетін «Soldatos» ЖШС-нің бас директоры А.Шынтаевты облыс әкімі Ж.Түймебаев арнайы қабылдап алдағы жұмысына сәттілік тілеген еді.
«Аймақ - Орта Азия, Таяу Шығыс пен Еуропа елдерін байланыстыратын жолдардың қиылысында орналасқандықтан бізде шекаралық сауда-саттық пен экспорттық өндіріс дамып келеді. Сондай-ақ, облыста 11 индустриялды аймақ пен жеңіл өнеркәсіп бағытындағы бір арнайы экономикалық аймақ бар. Облыста инвестиция тарту және инвесторларға бір терезе қағидасы бойынша қызмет көрсететін аймақтық даму институттары жұмыс жасайды. Институттар кәсіпкерлерге кеңес береді және қаржылық пен инфрақұрылымдық көмек көрсетеді», - деген еді өз сөзінде өңір басшысы.
Өз кезегінде сөз алған компания басшысы бұған дейін ауданда мобильді асфальт зауытын іске қосып, Қызылқұм ауылдық округінде орналасқан инспекторлық жолдарға асфальт беріп келгенін жеткізген.
Сонымен бірге ол екінші желісін келер жылдың жаз айында аяқтауды жоспарлап отырғанын атап өткен.
«Soldatos» ЖШС-нің инвесторлары Мақтаарал ауданындағы жобадан бөлек, Сарыағашта сағатына 150 тонна, ал Түркістан қаласында сағатына 200 тонна асфальт-бетон шығаратын зауыт салуды жоспарлап отыр.
Жалпы айта кетейік, алдағы уақыттары ауданда сыртқы инвестициядан бөлек, ішкі инвестицияның есебінен өңдеу зауыты, гигиеналық заттар мен полиэтилен шығаратын өндіріс зауыттарының жобалары да жүзеге аспақ. 38 гектар жерді алып жатқан ауданның индустриялды аймағында жұмыс істеп тұрған «Береке» мақта зауытынан басқа, мұнда келер жылы 4 жоба іске асырылады деп жоспарлануда