“Маңызды мәселелер кабинет ішінде ғана шешіліп жатады”. Аймағамбетов бюджет тапшылығын сынға алды

Қаракөз Амантай 07 қар. 2024 11:20 1103

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Қазақстандағы бюджет тапшылығының негізгі себептері мен кемшіліктерін атады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның сөзінше, бюджет қаражатын жұмсауда Үкімет пен Қаржы министрлігіне берілген кең құзыреттердің есебі төмен, нақты ережелер мен талаптар толық анықталмаған. Ал бұл өз кезегінде қаржының тиімсіз әрі жоспарсыз жұмсалуына итермелеуде.

Аймағамбетовтың пікірінше, қазір Үкімет Парламенттің келісімінсіз бюджетті жылына 8–10 рет өзгерте алады.

“Нәтижесінде бастапқыда бекітілген бюджет пен оның мақсаттары түбегейлі өзгерістерге ұшырайды, ал маңызды мәселелер көп жағдайда кабинет ішінде ғана шешіледі. Мұндай жағдай бюджеттің тиімділігіне және елдің қаржылық тұрақтылығына кері әсерін тигізуде”, - деді ол.

Депутат министрліктердің бюджет бағдарламалары аясында қаражатты өз бетінше қайта бөлу мүмкіндігіне де тоқталды.

“Бұл үдерісті реттейтін нақты ережелер мен регламенттер жоқ. Жаңа Бюджет кодексі жобасында бағдарламаларды ірілендіру және министрліктерге одан да үлкен дербестік беру көзделуде. Алайда есеп пен нақты міндеттерсіз, білікті мамандарсыз және мемлекеттік жоспарлаудың тиімді жүйесінсіз мұндай дербестік қауіпті болуы мүмкін. Ішкі орындау және бақылау механизмдерін өзгертпей, сыртқы блоктық құрылымды енгізу мәселені шешпейді, керісінше, оны ушықтыруы ықтимал. Егер бұл үрдіс жалғаса берсе, болашақта Парламентте әрбір министрлікке жалпы сома ғана бекітіліп, ал министрліктер ішкі қаражатты өз қалауы бойынша бөле беретін жағдайға жетуіміз мүмкін. Бұл бюджетті бекітудің мәнін жоғалтуға әкеледі”, - деп атап өтті ол.

Аймағамбетовтың айтуынша, Ұлттық қордан бөлінетін трансферттерге қатысты нақты талаптардың болмауы да күрделі мәселеге айналды.

“Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттер үкіметті шектейтіндей көрінгенімен, іс жүзінде үкімет сол трансферттің талабындағы әлсіздіктерді пайдаланып, түрлі қаржылық қажеттіліктер үшін қаражатты оңай тарта алады. Болашақ ұрпақтың мұрасы ретінде сақталуға тиіс Ұлттық қор бюджет тапшылығын жабу мен тиімсіздік мәселелерін шешудің басты көзіне айналып отыр”, - деді ол.

Асхат Аймағамбетовтың пікірінше, блок-бюджет жүйесінің енгізілуі министрліктерге қаражатты бөлуге еркіндік бергенімен, есептіліктен босатпау қажеттігін ескертеді.

“Барлық құрылымға тиімділік көрсеткіштері нақты, түсінікті және ашық болуы керек. Министрліктердің дербестігі міндетті түрде Парламент пен қоғам алдында есеп берумен қамтамасыз етілуі тиіс,” – дейді ол.

Депутаттың пікірінше, жаңа Бюджет кодексі жобасы бюджет жүйесінің түйткілді мәселелерін шеше алмай отыр.

“Өкінішке қарай, жаңа Бюджет кодексі жобасында бұрынғы кемшіліктер сақталып, бюджет жүйесінің жүйелі мәселелері шешілмеген. Қазіргі уақытта осы және басқа да бағыттар бойынша ұсынылған түзетулер қызу талқылануда. Алайда үкіметтің қорытындыларында көптеген орынды нормалар қолдау таппай отыр”, - деп сөзін қорытындылады депутат.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар