Каспий теңізіндегі әскери жаттығу кезінде қаза тапқан және аман қалған әскери қызметшілердің жақындарына Қазақстан аумағындағы әуе рейстеріне тегін билеттер беріледі. Мұндай мүмкіндік оқиғадан аман қалған сарбаздардың өздеріне де қарастырылған. Бұл туралы Air Astana әуе компаниясы мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Тегін ұшу мүмкіндігі 25 қыркүйек пен 3 қазан аралығындағы барлық ішкі бағыттарға қолданылады. Оны әскери қызметшілердің ата-анасы, жұбайы, балалары, туған бауырлары пайдалана алады.
Билет рәсімдеу кезінде туыстық байланысты растайтын құжаттарды көрсету қажет. Өтінім беру үшін Air Astana немесе FlyArystan әуе компанияларының сату кеңселеріне баруға болады. Сондай-ақ тасымалдаушылардың ресми сайттарында көрсетілген байланыс арналары арқылы хабарласуға мүмкіндік бар.