Маңғыстаудағы тендер заңсыз өтті: сот шешімі заңды күшіне енді

Маңғыстаудағы тендер заңсыз өтті: сот шешімі заңды күшіне енді
probusiness

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты әлеуетті жеткізушінің талап-арызын қанағаттандырып, мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысын заңсыз деп таныды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Соттың мәліметінше, іс мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесін даулау туралы талап-арыз негізінде қаралған. Сот талқылауы барысында тендерді ұйымдастырушы мен тапсырыс беруші тарапынан мемлекеттік сатып алу заңнамасының талаптары бұзылғаны анықталған.

Атап айтқанда, талапкердің конкурсқа қатысуға берген өтінімі негізсіз себептермен қабылданбаған. Сонымен қатар анықталған заңбұзушылықтарға байланысты «Қ» АҚ бас директорының атына жеке ұйғарым шығарылған.

Сот шешімі ұзақ уақыт орындалмағандықтан, сот процессуалдық мәжбүрлеу шараларын қолданып, «Қ» АҚ бас директорына әрбір орындалмаған сот актісі үшін 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақшалай өндіріп алу шарасын қолданған. Осыдан кейін ғана жеке ұйғарым орындалып, сотқа тиісті жауап жолданған.

Алайда соттың негізгі шешімі әлі күнге дейін орындалмаған.

Сот егер шешім белгіленген мерзімде орындалмаса, жауапкерге қатысты қайтадан процессуалдық мәжбүрлеу шаралары қолданылуы мүмкін екенін атап өтті.

Сот актісі заңды күшіне енді.