Маңғыстау облысында Жетібай–Ақтау автожолында төрт көлік қатысқан жол апатынан екі адам қаза тапты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оқиға 9 қыркүйек күні сағат 20:45 шамасында Жетібай–Ақтау автожолының 765-шақырымында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, бір КамАЗ екінші КамАЗ-ды сүйреп келе жатқан. Жолда тұрған «Газель» көлігін айналып өту кезінде бірінші КамАЗ-дың жүргізушісі маневр жасаған. Соның салдарынан сүйретіліп келе жатқан екінші КамАЗ «Газельмен» соқтығысқан.
Соққыдан «Газель» жол қоршауына барып соғылған. Көлік пен жол қоршауының арасында болған екі ер адам алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Оқиғаға қатысы бар көліктер арнайы тұраққа қойылды.
Қазір тергеу жүргізіліп, жол апатының барлық мән-жайы анықталып жатыр. Полиция Маңғыстауда жол қауіпсіздігіне қатысты профилактикалық шаралар жүргізіп отырғанын хабарлаған.