Маңғыстаулық делегация Түркияда әйгілі кинорежиссермен кездесті

Ақтоты Жапатова 03 нау. 2025 13:40 718

Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов бастаған делегация Түркияның танымал кинорежиссері Мехмет Боздақпен кездесіп, өңірде киноиндустрияны дамыту мүмкіндіктерін талқылады,- деп хабарлайды Dalanews.kz 

Киносүйер қауымға кеңінен танымал Мехмет Боздақ – тарихи жанрдағы ауқымды жобаларымен белгілі режиссер, продюсер әрі сценарист. Оның шығармашылығындағы ең ірі туындылардың бірі – түркі әлемінің ортақ мәдени мұрасы саналған «Ертұғырыл» телехикаясы.

Кездесу барысында Маңғыстау өңірінің тарихи-мәдени әлеуеті сөз болды. Делегация құрамындағы ел ағасы Алқажан Еділхан өңірдегі тарихи-мәдени орындар мен көне ескерткіштердің маңызын атап өтіп, бұл жерлерде түсірілетін фильмдер қазақ киноөндірісіне ғана емес, түркі әлеміне ортақ тарихи туындыларға тың серпін беретінін жеткізді.

Сапар аясында қазақстандық делегация режиссердың «Боздақ фильм» атты кино түсіру кешенімен танысты.

Тараптар болашақта киножобалар аясында әріптестік орнату мүмкіндігін қарастырды. Басқосу нәтижесінде продюсер Мехмет Боздақ жақын аралықта Маңғыстау өлкесімен танысуға баратынын айтты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар