Маңғыстаудағы "дедовщина": Сарбаздарға қорлық көрсеткен сержант жазадан сытылып кетті

Көркем Алдабергенова 01 қаз. 2024 15:30 1663

Маңғыстау облысында сарбаздарды төсекте жатқан жерінен жұдырықпен ұрып жіберген сержант жазадан сытылып кетті, - деп хабарлайды Dalanews.kz Диапазонға сілтеп. 

Айыптау актіне сәйкес сержант сарбаздар жатқан бөлмеге кіріп, үшеуін жұдырықпен басынан ұрып жіберген. Оған сарбаздардың бірі казарма дәлізінде рұқсатсыз жүргені себеп болыпты-мыс. 

Тағы бір жағдайда сержант сарбаздардың "насыбай" қолданып отырғанын байқап, үшеуін бетінен салып, тағы екеуінің басынан ұрған.  

Сержант "Қызмет бабын асыра пайдалану" бабы бойынша сотқа тартылды. Ол бар кінәсін мойындағанымен соққы жеген сарбаздардың арқасында жазадан құтылып кеткен. Алты сарбаз сержантқа ешқандай наразылығы жоғын айтып, оны екі жақтың татуласуына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатуды сұрады. 

Сот олардың өтінішін қанағаттандырған: 27 жастағы сержант жазадан құтылып кетті. 

Айта кетейік, елімізде сарбаздардың әлімжеттік көріп, таяқ жеуі жиілеген. Мысалы әскерде жүріп, қатты жарақат алған сарбаз Ербаян Мұхтардың жағдайы қазақстандықтарға мәлім. 

Әскерде жүргенде бас-ми жарақатын алып,  комаға түскен Ербаян Мұхтарды жақындары емдету үшін Түркияға алып кетті. Бұл туралы отбасының қорғаушысы Инга Иманбай мәлімдеді.

"Ербаян Ыстамбұлға жолға шықты. Ұшақ бүгін таңғы сегізде Астанадан ұшты. Бұл күнге жету де оңайға соққан жоқ. Тоқтаусыз күрес, талмай еңбекпен келді. Бастысы - кеңпейіл халқымыздың мейірімі мен жанашырлығының жемісі. Ербаян, мықты бол! Бұл жартылай жеңіс! Бұйырса, үлкен жеңістер алда. Сенің бар өмірің алда. Аман-есен елге өз аяғыңмен оралуыңды күтеміз”, - деді ол.

Бұған дейін қазақстандықтар әскерде мүгедек болып қалған сарбаз Ербаян Мұхтарға 140 млн жинап берген еді. Бұл туралы Ербаянның жақындары сарбазға ашылған парақшада хабарлады.

Ербаян былтыр желтоқсан айында комаға түсті. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар